Оқиға 10 шілде күні таңертең Байзақ аудандық орталық ауруханасында болған.
Байзақ ауылының 25 жастағы тұрғыны өзінің танысы – 27 жастағы фельдшердің жұмыс орнына келген. Ол фельдшерден дефибриллятордың қалай жұмыс істейтінін көрсетуді сұраған.
Алайда фельдшер бұл өтінішті орындаудан бас тартқан. Соның салдарынан екеуінің арасында жанжал туып, ауыл тұрғыны медициналық қызметкерге травматикалық қарудан оқ атқан.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы пациенттің жағдайын орташа ауыр деп бағалап, оның өміріне қауіп жоқ екенін хабарлады.
«Пациенттің диагнозы – кеуде қуысының сол жақ алдыңғы қабырғасына тиген оқ жарақаты, ішкі ағзалар зақымданбаған. Жағдайы тұрақты, орташа ауыр деңгейде. Пациент динамикалық палатада бақылауда. Жағдайы нашарлаған жоқ», – деп мәлімдеді ведомство.
Аймақтық полиция департаменті бұл оқиғаны растады. Аталған факті бойынша «Қаруды қолдану арқылы жасалған бұзақылық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қазіргі уақытта жан-жақты және объективті тергеу жүргізу үшін қажетті тергеу және жедел-іздестіру шаралары қолға алынған. Нәтижесінде процессуалдық шешім қабылданатын болады.