Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Оқиға

"Назарбаев Горбачевтің қабылдау бөлмесінде күткен": Айтматовтың ұлы күтпеген дерек айтты

"Назарбаев Горбачевтің қабылдау бөлмесінде күткен": Айтматовтың ұлы күтпеген дерек айтты
kznews.kz коллажы

Белгілі жазушы Шыңғыс Айтматовтың ұлы Эльдар Айтматов әкесінің кеңестік кезеңдегі саяси процестерге қатысты рөлі туралы тың естелік айтты. Ол журналист Асхат Ниязовке берген сұхбатында Асқар Ақаев пен Нұрсұлтан Назарбаевқа байланысты ел арасында айтылып жүрген әңгімелерге жауап берді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Алдымен әңгіме Қырғызстанның бұрынғы президенті Асқар Ақаевтың билікке келуі жайлы өрбіді. Журналист Шыңғыс Айтматовтың Ақаевтың кандидатурасына ықпал еткені туралы пікірлердің қаншалықты рас екенін сұрады.

Эльдар Айтматов бұл ақпаратты жоққа шығарды. Оның айтуынша, Асқар Ақаевтың кандидатурасын сол кездегі партия өкілдері ұсынған. Ал Шыңғыс Айтматов бұл процеске араласпаған.

"Бұл шындыққа сәйкес келмейді. Менің білуімше, Асқар Ақаевтың кандидатурасын партия қайраткерлері өздері ұсынған. Әкем бұл іске қатысқан жоқ. Тіпті Ақаевтың ұсынылғанынан да хабарсыз болған", – деді ол.

Сонымен қатар Эльдар Айтматов әкесінің Қырғызстан президенті ретінде басқа адамды көргісі келгенін де айтты.

Сұхбат барысында Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты да назар аударарлық дерек айтылды. Эльдар Айтматовтың сөзінше, Қазақстанда бірінші басшыны тағайындау мәселесі қаралған тұста Назарбаев Шыңғыс Айтматовтан көмек сұраған.

Ол кезде Нұрсұлтан Назарбаев Михаил Горбачевпен кездескісі келген. Алайда, Эльдар Айтматовтың айтуынша, Горбачев бастапқыда Назарбаевты қабылдаудан бас тартқан.

"Нұрсұлтан Әбішұлы қабылдау бөлмесінде күтіп отырған. Ал Горбачев онымен кездеспейтінін, сөйлеспейтінін айтқан. Кейін әкем Михаил Сергеевичті Назарбаевты қабылдап, сөйлесуге көндірді", – деді Эльдар Айтматов.

Оның айтуынша, Шыңғыс Айтматов Горбачевке Қазақстандағы саяси жағдайды түсіндірген. Жазушы басқа кандидаттың тағайындалуы ел ішінде толқу тудыруы мүмкін екенін айтқан.

"Сол кезде әкем бұл шешімнің қабылдануына барынша ықпал етті", – деді Айтматовтың ұлы.

Эльдар Айтматовтың бұл естелігі Шыңғыс Айтматовтың тек әдебиетте ғана емес, кеңестік кезеңдегі саяси шешімдерде де салмағы болғанын аңғартады.