Алматыда отбасылық жанжал адам өлімімен аяқталды. Оқиға Алмалы ауданындағы Брусиловский көшесінде болған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Полицияға пышақ жарақатын алған адам туралы хабарлама түнгі сағат үш шамасында «102» арнасына түскен. Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадасы барған.
Дәрігерлер 59 жастағы ер адамды аман алып қалуға тырысқанымен, ол алған жарақатынан қайтыс болды.
Тергеудің алдын ала мәліметінше, марқұмды 34 жастағы өгей ұлы асүй пышағымен бірнеше рет жарақаттаған. Күдіктінің айтуынша, жанжал анасына қатысты дау-дамайдан басталған.
Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ізін суытпай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазір тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.