Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Оқиға

Тоқаевтың әкесінің аяғын аман сақтап қалған дәрігер кім?

Тоқаевтың әкесінің аяғын аман сақтап қалған дәрігер кім?
ашық дереккөзден

Омбы облысының губернаторы Виталий Хоценко Ресей президенті Владимир Путинге Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі Кемел Тоқаевтың соғыс жылдарында Омбыда ем қабылдағаны туралы айтты, деп хабарлайды ТАСС.

Хоценконың мәліметінше, 1945 жылдың қысында майдангер Кемел Тоқаев аяғынан ауыр жарақат алып, Омбыдағы әскери госпитальге жеткізілген. Жарақатының ауыр болғаны сонша, дәрігерлер оның аяғын кесу мәселесін де қарастырған.

Алайда сол кезде жас хирург болған Гавриил Илизаров күрделі операция жасап, Кемел Тоқаевтың аяғын аман алып қалған. Кейін Илизаров әлемге танымал ортопед дәрігер ретінде белгілі болды.

"Кемел Тоқаев – майдангер. Ол 1945 жылдың қысында Омбыға эвакуацияланған. Сол кезде жас хирург Гавриил Абрамович Илизаров оған ота жасап, аяғын сақтап қалды. Ол уақытта Илизаров аппараты әлі болмаған, бұл құрылғы тек 10-11 жылдан кейін пайда болды", – деді Хоценко.

Губернатордың айтуынша, Омбыдағы бұрынғы әскери госпиталь ғимаратында осы тарихи оқиғаға арналған естелік тақта орнатылған.

Кемел Тоқаев 1942 жылы жаяу әскер училищесіндегі сержанттар курсын тәмамдап, майданға аттанған. 1945 жылдың қаңтарында жараланып, алдымен Омбыда, кейін Алматыдағы әскери госпитальде емделген.

Соғыстан кейін ол Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түсті. Кейін журналист әрі жазушы ретінде танылып, қазақ әдебиетіндегі шытырман оқиғалы және детектив жанрының негізін қалаушылардың бірі атанды.

Кемел Тоқаев 1986 жылы 10 қарашада 63 жасында дүниеден өтті.