Контентке өту
Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Оқиға

Ұшақтан 200 мың долларды алып, секіріп кеткен: 55 жыл бұрынғы жұмбақ оқиға әлі ашылған жоқ

Ұшақтан 200 мың долларды алып, секіріп кеткен: 55 жыл бұрынғы жұмбақ оқиға әлі ашылған жоқ
Фото: АР

Осыдан тура 55 жыл бұрын, 1971 жылғы 24 қарашада АҚШ-та авиация тарихындағы ең жұмбақ оқиғалардың бірі тіркелді. Өзін Дэн Купер деп таныстырған ер адам жолаушылар ұшағын басып алып, 200 мың доллар талап еткен. Ақшаны алған соң ол ұшақтан парашютпен секіріп, із-түзсіз жоғалған. Америкалық тергеушілер ондаған жыл бойы іздегенімен, оның кім екенін анықтай алмады, деп хабарлайды Arasha.kz.

1971 жылғы 24 қарашада өзін Дэн Купер деп таныстырған ер адам АҚШ-тың Портленд қаласындағы әуежайға келіп, Сиэтлге бағыт алған Northwest Orient Airlines әуе компаниясының №305 рейсіне билет сатып алады. Сырт көзге ол қарапайым жолаушы болып көрінген. Алайда ұшақ көкке көтерілгеннен кейін ер адам бортсеріктердің біріне хат беріп, қолындағы портфельде бомба бар екенін мәлімдейді.

Ол ұшақ экипажынан 200 мың доллар және төрт парашют талап еткен. Оқиға туралы хабар алған әуе компаниясы мен құқық қорғау органдары жолаушылардың қауіпсіздігі үшін оның талаптарын орындауға келіседі.

200 мың долларды алып, ұшақтан секіріп кеткен

Ұшақ Сиэтл әуежайына қонған кезде Куперге талап еткен ақша мен парашюттер жеткізіледі. Ол борттағы 36 жолаушыны босатып, экипаждың бірнеше мүшесін қалдырады. Осыдан кейін ұшақ қайта көкке көтеріледі.

Кешкі сағат сегізден асқан уақытта Купер Boeing 727 ұшағының артқы бөлігіндегі баспалдақ арқылы парашютпен секіріп кеткен. Оның жанында 200 мың доллар болған. Алайда осы сәттен бастап ер адамның ізі біржола жоғалады.

Оқиғадан кейін АҚШ Федералдық тергеу бюросы ауқымды іздестіру жұмыстарын бастады. Купердің кім екенін анықтау үшін жүздеген адамнан жауап алынып, түрлі болжам тексерілді. Бірақ оның нақты аты-жөні, ұшақтан секіргеннен кейінгі тағдыры және ақшаның қайда кеткені белгісіз күйінде қалды.

1980 жылы Колумбия өзенінің жағасынан 20 долларлық купюралар түріндегі 5 800 доллар табылды. Тергеушілер олардың Куперге берілген ақшаға тиесілі екенін анықтаған. Бұл жұмбақ оқиғаға қатысты табылған ең маңызды айғақтардың бірі болды. Соған қарамастан, ер адамның өзі де, ақшаның қалған бөлігі де табылған жоқ.

FBI 45 жылдан кейін белсенді тергеуді тоқтатты

2016 жылы АҚШ Федералдық тергеу бюросы Купер ісіне арнайы бөлінген тергеу ресурстарын басқа бағыттарға ауыстырғанын хабарлады. Оған дейін қылмыскердің жеке басын анықтауға бағытталған тергеу шамамен 45 жыл жүргізілген.

Бүгінде бұл оқиға АҚШ авиация тарихындағы ең белгілі ашылмаған қылмыстардың бірі саналады.

Қызығы, ер адам әуежайда өзін Дэн Купер деп таныстырғанымен, кейін бұқаралық ақпарат құралдарында оның аты қателікпен Д. Б. Купер ретінде таралып кеткен. Содан бері әлем оны дәл осы есіммен таниды.

1971 жылғы 24 қарашада болған оқиға арада 55 жыл өтсе де, тарихшыларды, журналистерді және қылмыстық істерді зерттеушілерді қызықтырып келеді. Купердің ұшақтан секіргеннен кейін аман қалған-қалмағаны да нақты анықталмаған.