Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Оқиға

"Қайырлы түн" деген соң із-түзсіз жоғалды: MH370 ұшағының құпиясы әлі ашылған жоқ

"Қайырлы түн" деген соң із-түзсіз жоғалды: MH370 ұшағының құпиясы әлі ашылған жоқ
Laurent Errera / Wikimedia

2014 жылдың 8 наурызында Malaysia Airlines әуе компаниясының Boeing 777-200ER ұшағының жоғалуы әлем авиациясындағы ең жұмбақ оқиғалардың бірі болып қалды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Куала-Лумпурдан Бейжіңге бет алған MH370 рейсі әуеге көтерілгеннен кейін шамамен 40 минут өткенде Оңтүстік Қытай теңізі маңында радардан жоғалып кеткен. Ұшақ бортында 227 жолаушы мен 12 экипаж мүшесі болған.

Арада бірнеше жыл өтсе де, лайнердің нақты қайда құлағаны және апатқа не себеп болғаны толық анықталған жоқ. Тергеу барысында ұшақ байланыс үзілгеннен кейін де бірнеше сағат бойы ұшқан болуы мүмкін деген деректер айтылды.

Әскери радар мәліметтеріне сүйенген мамандар ұшақтың бағытын өзгертіп, Малакка бұғазы арқылы Үнді мұхитының оңтүстік бөлігіне қарай бет алғанын болжады. Кейін лайнердің соңғы рет Никобар аралдары маңында байқалғаны айтылды.

Бұдан бөлек, Африка жағалауынан табылған кейбір бөлшектер жоғалған Boeing ұшағына тиесілі болуы мүмкін деген болжамдар жасалды. Алайда бұл айғақтар да MH370 рейсінің тағдырын толық ашуға жеткіліксіз болды.

Ұшақта 14 елдің азаматы болған. Жолаушылардың басым бөлігі Қытай азаматтары еді. Сондай-ақ бортта ресейлік кәсіпкер Николай Бродский де болғаны хабарланған.

Тергеу кезінде ұрланған төлқұжатпен мінген екі жолаушы да назарға ілікті. Олар Пурия Нур Мохаммад Мердад пен Сейед Мохаммед Реза Делавар екені анықталды. Кейін олардың лаңкестік әрекетке қатысы жоқ, тек шетелге заңсыз өтпек болғаны белгілі болды.

Сондай-ақ мамандар ұшақ командирі Захари Ахмад Шахтың жеке өмірін де зерттеді. Оның отбасылық жағдайына байланысты күйзеліске түскені туралы түрлі нұсқалар айтылды. Екінші пилот Фарик Абдул Хамидтің әрекеті де тергеу аясында қарастырылды.

Ұшақ жоғалар алдында диспетчерлер естіген соңғы сөз "Қайырлы түн" болған. Осыдан кейін байланыс үзіліп, алып лайнер із-түзсіз жоғалды. Бүгінде бұл қысқа ғана сөз әлемді толғандырған ең үлкен авиациялық құпиялардың символына айналды.