Ақтөбеде 2025 жылдың мамыр айында екі келін енесі үйде екеніне қарамай, жанжалдасып, төбелескен. Заң бұзған екеуі отбасылық дау-дамай кезінде қасақана дене жарақатын келтіріпті. Олардың ісі сотта қаралды. Бұл туралы Ақтөбе қаласының №2 сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Келіндер қылмыстық кодекстің 109 бабы, бірінші бөлігі бойынша істі болыпты. Сот отырысында қос келін өздеріне тағылған айыппен келіспей, мойындамаған. Сотталушылардың кінәлары жәбірленушілердің, куәлардың жауаптарымен және өзге де дәлелдер жиынтығымен расталған көрінеді.
Сот заң бұзған әйел адамдарға қатысты үкім шығарар тұста сотталушылардың жас балаларының барын ескеріп, қылмыстық кодекстің 109 бабы, бірінші бөлігі бойынша кінәлі деп тапқан. Заң бұзған келіндер 25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 98 мың 300 теңгедей айыппұл төлейді.
Үкімдер заңды күшіне енген жоқ.