Ауғанстан тарапының шақыруымен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу жұмыс сапарымен Ауғанстанға барды.
Мұрат Нұртілеу Ауғанстан Премьер-Министрінің экономика жөніндегі орынбасары міндетін атқарушы Абдул Ғани Барадармен кездесті.
Тараптар сауда-экономикалық, транзиттік және аграрлық салалардағы, сондай-ақ геобарлау мен цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастықтың мүмкіндіктерін талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстанның Көлік министрлігі мен Ауғанстанның Қоғамдық жұмыстар министрлігі арасында Орталық Азия мен Оңтүстік Азияны жалғайтын теміржолды салу және пайдалану бойынша негізгі қағидалар туралы Меморандумға қол қойылды.