Logo
Іздеу
Айдарлар

«Бізді ұмытты»: Алматыда чемпион әйел аула сыпырып күнелтіп жүр

/
«Бізді ұмытты»: Алматыда чемпион әйел аула сыпырып күнелтіп жүр
Сурет: Ulysmedia.kz

Алматыда өмірдің ауыр жағдайына тап болған белгілі спортшы Айсара Керімбекова – кезінде самбо мен дзюдо бойынша Қазақстанды халықаралық ареналарда танытқан чемпион.

Бұрын ол самбодан екі мәрте әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанып, Азия чемпионы болған және КСРО халықтарының Спартакиадасына қатысқан, деп жазды Ulysmedia.kz.

Бүгінде 60 жастағы спортшы әйел күн көрісін аула сыпырумен табуда. Қазір оның айлық табысы 100 мың теңге ғана: 60 мың теңге — ТКШ (КСК) қызметкері ретінде, тағы 40 мың теңге — аула тазалағаны үшін алады. Қыста оған қар күреуге де тура келеді.

– Ауыр, бірақ не істей аламын? Керек болған соң істеймін. Мен қазір алпысқа таяп қалдым, ешкім ешқайда шақырмайды. Мысалы, дзюдо немесе самбо бойынша жарыстар өтсе, «бізде сондай апамыз бар» деп неге айтпасқа? Неге шақырмайды, кеңес сұрамайды? Қуана-қуана барып, көріп, қолдау білдірер едім. Бірақ ешкім назар аудармайды, ешкім шақырмайды. Өте өкінішті. Бізді мүлде ұмытқандай күй кешемін, – дейді Айсара Керімбекова.

Қазір Айсара Керімбекова кезінде Заманқұл Нұрқаділов берген бір бөлмелі пәтерде тұрады. Сол үйде ұлы, туған әпкесі және құрбысы бірге тұрады.

Айсара Керімбекова – самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері (1992), дзюдодан спорт шебері (1990), 1988 жылы Калининградта өткен самбодан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 1992 жылғы Азия чемпионы. Ол Қазақстанның үздік он спортшысының қатарына кірген, КСРО Кубогының күміс, Халықтар Спартакиадасының қола жүлдегері.