Logo
Іздеу
Айдарлар

Елімізде жыл басынан бері экстремизм мен терроризм бойынша 60 адам сотталған

/
Елімізде жыл басынан бері экстремизм мен терроризм бойынша 60 адам сотталған

Жыл басынан бері Қазақстанда террористік және экстремистік қылмыстар жасағаны үшін 60-тан астам адам, соның ішінде үш шетелдік азамат сот үкімімен түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) баспасөз қызметі хабарлады.

«Осы жылдың басынан бері ҰҚК тергеген қылмыстық істер бойынша террористік және экстремистік сипаттағы қылмыстар жасағаны үшін 60-тан астам тұлға сотталып, әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды, оның ішінде үш шетел азаматы бар», – делінген хабарламада.

2025 жылдың маусым–шілде айларында ҰҚК тергеген қылмыстық істер бойынша бірқатар сот шешімдері күшіне енген. Барлық істер терроризм мен экстремизмге қатысты.

Мәселен, Шымкент қаласының соты жергілікті тұрғынды терроризмді насихаттады деп танып, кінәлі деп тапты. Тергеу барысында ол интернеттегі экстремистік контенттің ықпалына еріп, бейбіт тұрғындарға қарсы күш қолдануға шақырғаны анықталған. Сот шешімімен ол 7,5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Ал Астанада шетел азаматы Қазақстан аумағында терроризмді насихаттағаны және адамдарды экстремистік топтарға тартқаны үшін 8 жылға сотталды.