Logo
Іздеу
Айдарлар

Қазақстандағы алғашқы АЭС-ті салу қымбаттауы мүмкін

/
Қазақстандағы алғашқы АЭС-ті салу қымбаттауы мүмкін

Қазақстандағы алғашқы ірі атом электр станциясын (АЭС) салуға қажетті жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) 2026 жылы әзірленеді. Осыдан кейін жобаның болжалды құны өзгеруі мүмкін.

Вице-премьер Роман Склярдың айтуынша, техникалық-экономикалық негіздеме 2025 жылдың желтоқсанына дейін дайын болады. Ал 2026 жылы ЖСҚ әзірлеу жұмыстары жүргізіледі. Барлық құжаттар дайын болғаннан кейін жоба іске асырудың келесі кезеңіне өтеді.

Премьер-министр Олжас Бектенов АЭС құрылысы кезінде қазақстандық қосалқы мердігерлерге басымдық берілетінін атап өтті:

«Біз құрылысқа барынша қазақстандық компанияларды тартамыз. Алайда нақты сандарды айту әзірге мүмкін емес, себебі ЖСҚ әлі дайын емес. Құжаттар қолда болған кезде нақты деректер белгілі болады. Сол кезде жариялаймыз. Бірақ ең бастысы — қазақстандық компанияларды тарту», — деді ол.

Қазақстандағы АЭС құрылысының алдын ала құны — 14 миллиард доллар. Алайда бұл сома өсіп кетуі де мүмкін. Бәрі жобалық-сметалық құжаттамада көрсетілетін мәліметтерге байланысты болады.

Еске сала кетейік, Қазақстандағы алғашқы АЭС-ті «Росатом» салады.

Ал екінші АЭС-ті кім салатыны әзірге белгісіз. Склярдың айтуынша, бұл мәселе күзде нақтылануы мүмкін.