Бүгін елордада 2035 жылға дейінгі жаңартылған Бас жоспарға қатысты қоғамдық тыңдаулар өтіп жатыр. Алайда, бұл шара қала тұрғындарының наразылығымен қатар өтті. Бұл туралы arasha.kz редакциясы BES.Media телеграм арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Астанадағы "Астанагенплан" ЖШС ғимараты алдында ондаған тұрғын жиналып, заңсыз және нүктелік құрылысқа қарсы екенін білдірді. Кейбір белсенділер плакаттармен келіп, жасыл аймақтардың жойылуына және тұрғын аудандардың тығыз салынуына қарсылықтарын ашық айтты.
Жаңартылған Бас жоспар жобасы үкімет тапсырмасы бойынша әзірленген. Құжатта:
қоғамдық кеңістіктерді дамыту,
көгалдандыру,
көлік және әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру,
инвестиция тарту тетіктері қарастырылған.
Алайда, қоғам белсенділері мен кейбір тұрғындар қалада нақты құрылыс шешімдері мен жобалаудағы әділетсіздіктерге алаңдаулы. Олар жасыл белдеулерді сақтап, нысандарды тығыз салуға тыйым салуды талап етуде.
Тұрғындар не дейді?
«Астанада бос жер көп. Неге міндетті түрде саябақтың не балалар алаңының орнына көпқабатты үй салу керек? Бізге дем алатын кеңістік керек», – дейді қала тұрғыны Айгүл С.
Қоғамдық тыңдау ашық форматта ұйымдастырылып, тұрғындар пікірін білдіруге мүмкіндік алды. Қоғам белсенділері осы бастаманы ары қарай әкімдік пен урбанистер деңгейінде жалғастыруға ниетті.