Ұлттық банктің бұрынғы қызметкері аноним түрде теңгенің құлдырауы қалай қолдан ұйымдастырылғанын ашық жазды деп хабарлады Ertenmedia.
Оның айтуынша, 2015 жылғы девальвация қарсаңында Ақордаға жақын ірі ойыншылар алдын ала доллар сатып алып, артынан еселеп пайда көрген.
"Әр кеш сайын теңгені ұстап тұру үшін 100-500 млн доллар аралығында жұмсап отырдық. 1,5 жылда 28 млрд доллар босқа кетті", – дейді ол.
Девальвация қарсаңында негізгі қаржылық топтар алдын ала долларды жинап үлгерген. Әсіресе, Самұрық, БЖЗҚ, ҚазМұнайГаз сияқты ірі құрылымдар «жабайы секілді» әрекет етіп, долларды сатып алуға кіріскен.
"Девальвацияға екі апта қалғанда барлық ықпалды адамдар жиналды. Мені аналитик ретінде шақырды. Бір сағат есеп бердім, талдадым, ешкім тыңдамады. Барлығының әңгімесі өздерінің контракттары, кім ұтып, кім ұтылатыны. Халықтың жайы бір адамның да ойында болған жоқ. Кейін білдім, сол жиыннан кейін жоғары жақтың (Назарбаевтың) қауіпсіздігін күшейту туралы бұйрық түсіпті", - дейді автор.
Путин де қысымды күшейтіп, теңгені еркін айналымға жібермесе, шекараны жабатынын айтып қорқытқан.
«Ұлттық мүддені ойлаған ешкім жоқ, тек жоғарыдағы адамдардың байлығы мен тыныштығы маңызды болды», – дейді экс-қызметкер.
Автордың сөзінше, девальвация биліктің жоспарлы әрекеті, ал оның зардабын қарапайым халық тартқан.
Айта кетелік 2015 жыл теңге 187-ден 377-ге бір-ақ құлап, қазақтардың жинаған қаржысы көз алдында күйіп кеткен еді.