АҚШ президенті Дональд Трамп Джо Байден, Барак Обама және Хиллари Клинтонды сайлауды бұрмалауға қатысы бар деп айыптап, олардың кінәсін дәлелдеуге ниетті екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, қолында бұл іс бойынша барлық құжаттар бар.
Трамп Ақ үйде журналистерге берген сұхбатында былай деді:
«Олар сайлауды бұрмалауға тырысты, халықты шатастырды, тіпті өзге елдерде елестету мүмкін емес әрекеттерге барды. Барак Обама — бұл істің басшысы, ал Хиллари Клинтон бәрін есептеп отырды. Ұйқылы-ояу Джо Байден де, өзгелері де осының ішінде. Олар 2016 жылғы сайлауды бұрмалауға тырысты, және сол кезде ұсталып қалды. Кейін 2020 жылғы сайлауды бұрмалады. Негізінде бұл сайлауда жеңіске мен жеттім», — деді Трамп.
Оның айтуынша, бұл идея Обамадан шыққан. Бірақ оған Хиллари Клинтон көмектескен.
«Хиллари Клинтон – үш долларлық купюра секілді жалған адам. Ол және оның Демократтар партиясындағы серіктестері 12 миллион доллар жұмсап, толықтай қолдан жасалған бір репортаж жасатты. Бұл жалған екенін анықтауға екі жыл кетті, бірақ біз дәлелдедік: бұл – көркем ойдан шығарылған дүние», – деді Трамп.
Обама туралы:
«Ол кінәлі. Уақыт қажет деп айтуыма болар еді, бірақ бұл жағдайда бәрі анық – ол кінәлі», – деп мәлімдеді Трамп. Ол сонымен қатар, «мұны бұқаралық ақпарат құралдары қорғауға тырысқанына қарамастан, бәрі көрініп тұр» деп қосты.
Бұдан бөлек, Трамп жоғарыда аталған тұлғалардың кінәсін дәлелдейтінін айтты. Себебі, қолында барлық құжаттар бар, ал АҚШ ұлттық барлау қызметінің директоры Тулси Габбард оған «мыңдаған қосымша материалдар дайындалып жатқанын» жеткізген көрінеді.