Logo
Іздеу
Айдарлар

Украинаға қарсы соғысқан қазақстандық Ресей азаматтығын алды

/
Украинаға қарсы соғысқан қазақстандық Ресей азаматтығын алды
Фото: Андрей Любимов / Агенство городских новостей «Москва»

Қазақстанда туған 24 жастағы жігіттің Ресей паспортын алғаны туралы жаңалықты Ресей ІІМ-нің ресми порталы жариялады.

Хабарламада бұл азамат Ресейде "СВО" деп аталатын (Украинадағы соғыстың ресми атауы) әскери қақтығысқа қатысып, ауыр жарақат алғаны айтылған.

«Осы жағдайды ескере отырып, Солтүстік Осетия — Алания миграция мәселелері жөніндегі басқармасының қызметкерлері Ресей азаматтығын алу үшін қажетті барлық рәсімдерді барынша қысқа мерзімде орындады. Бұл СВО қатысушысы үшін өмірлік маңызды мәселені шұғыл шешуге мүмкіндік берді», — деп келтіреді «МВД Медиа» сайты  Ресей ІІМ ресми өкілі Ирина Волктың сөзін.

Ресей паспортын алған Қазақстан азаматының аты-жөні жарияланбаған.

Айта кетерлігі, «МВД Медиа» порталындағы басты бетте бұл жаңалық Қазақстанға қатысты тағы екі материалмен қатар тұр. Екеуі де Ресей ІІМ басшысы Владимир Колокольцевтің Өскеменге сапары мен оның Қазақстан ІІМ басшысы Ержан Саденовпен кездесуіне арналған.

Қазақстан заңнамасына сәйкес, үшінші елдердің қарулы қақтығыстарына қатысу екі бап бойынша қылмыс болып саналады — «Шет мемлекеттердің қарулы қақтығыстарына қатысу» және «Жалдамалылық». Сонымен қатар, Қазақстанда қос азаматтыққа тыйым салынған.