Logo
Іздеу
Айдарлар

Хайп бар, бірақ іс жоқ жерде халықтың сенімі жоғалады

/
Хайп бар, бірақ іс жоқ жерде халықтың сенімі жоғалады
Сурет: ашық дереккөзінен

Ауыл әкімдерін сайлау көбіне көпшіліктің назарынан тыс қалып жатады. Алайда жергілікті биліктің тиімділігі – мыңдаған тұрғынның күнделікті өміріне тікелей әсер ететін маңызды мәселе.

2021 жылдан бастап елімізде енгізілген ауыл әкімдерін тікелей сайлау жүйесі – жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту жолындағы маңызды қадам. Алайда кейбір жағдайларда бұл үрдіс тек формалды сипат алып, әкімдікке нақты бағдарламасы мен жауапкершілігі жоқ азаматтар өтіп кетуде. Мұның нақты бір мысалы – Ақмола облысына қарасты ауылдық округтерінің біріне өзін-өзі ұсыну арқылы сайланған бұрынғы әкімнің қызметі.

Жаңа әкім 2023 жылы қызметіне кірісіп, арада бір жылдан сәл астам уақыт өткенде бұл қызметтен өз еркімен кететіні туралы шешім қабылдаған. 

«Ресми» түрде бұл жеке шешім ретінде түсіндірілгенмен, «бейресми» деректерге сүйенсек, көпшілік үміт артқан жаңа әкім тарапынан жұмыс барысында еңбек тәртібін сақтамау фактілері мен маңызды мәселелерді шешудегі белсенділіктің жеткіліксіздігі байқалған. Тұрғындармен қажетті деңгейде байланыс орнатылмаған, жергілікті проблемаларды шешуде нақты қадамдар болмаған.

Мәселен, ауыл тұрғындары жарық, тазалық және жол мәселесіне байланысты әкімдікке наразылық білдіріп, бірнеше мәрте шағымданған екен. Тұрғындарының айтуынша, тұрмысқа қажетті жарық жиі өшіп, ал резервтік желі істен шыққанымен, оны қалпына келтіруге әкім мүлде талпынбаған көрінеді. Ауыл ішінде мал бордақылау алаңы мен қасапхананың дәл орталықта, мешіт пен балалар алаңының қасында орналасуы да тұрғындардың наразылығын тудырған. Оған қоса, мақала кейіпкерінің әкімдігі кезінде қоқыс уақытылы шығарылмай, көшелерде қарапайым санитарлық талаптар да сақталмапты. Әкім креслосына отырған ол елге қызмет етуге емес, мәртебе мен мансаптың ығына сүйенуге келгендей әсер қалдырыпты.

Бұнымен қоймай, тұрғындардың шақыруымен сюжет түсіруге келген журналистердің бейнежазбасына әкімнің қоғамдық орында темекі шегіп, балалар алаңы маңына түкірген сәті түсіп қалып, кейіннен әкімге полиция әкімшілік шара қолданғаны белгілі болған. 

Ауыл әкімдігіне келіп жатқан кей азаматтар бұл қызметтің шынайы салмағын сезіне бермейтін сияқты. Әкім болу жәй ғана креслоға жайғасып, халыққа жақсы көрінудің жолы емес, жүйелі көзқарас, жауапкершілік пен ашықтықты талап ететін маңызды қызмет.

Ниет бар, нәтиже жоқ жерде көп ұзамай сенімнен айырылып жатқандар да аз емес. Сондықтан хайптың жетегінде әкімдікке ұмтылған әр азамат ауылға әкім болу оңай іс деп емес, мыңдаған адамның сенімін арқалайтын жауапкершілік деп ұғынып келуі тиіс.