Logo
Іздеу
Айдарлар

Сен бізге тиесілісің: Дубайда жоғалған модель оқиға туралы айтып берді

/
Сен бізге тиесілісің: Дубайда жоғалған модель оқиға туралы айтып берді
Фото: ашық дереккөзден алынды

2024 жылдың 19 наурызында Дубайда ауыр жарақатпен табылған 20 жастағы украиналық модель Мария Ковальчук алғаш рет Ксения Собчакқа берген сұхбатында сол түнде не болғанын, кімдерді айыптайтынын және қалпына келу жолын баяндады. Ол денесі сынған күйде есінен танған, сөйлей алмайтын және қозғала алмайтын жағдайда қонақүйдің маңынан табылған.

Ковальчуктың айтуынша, ол 11 наурызда Таиландқа ұшуы керек болған, бірақ рейске кешігіп қалады. Қонақүйдің лоббиінде ол бұрын таныс болған Артем есімді жігітпен жолығады. Журналистердің дерегінше, ол — ресейлік кәсіпкер Олег Папазовтың ұлы. Артем оған номерде бірге қалуды, ал Таиландқа әкесінің жеке ұшағымен жеткізетінін ұсынады. Мария келіседі.

Кешке бөлмеде кеш басталып, оған ресейлік және украиналық бизнесмендердің балалары жиналады. Модельдің айтуынша, бәрі бастапқыда қалыпты өткен, анасына да бәрі жақсы екенін айтқан.

Зорлық, есірткі, соққы

Ковальчуктың сөзіне қарағанда, кешке қатысушылар есірткі ұнтақтарын қолданған, қатты ішімдік ішкен. Артем мен Александр Лаптинский (Беларусь) есімді ер адамдар оған агрессия көрсете бастап, сексуалдық қысым жасаған. «Сен бізге тиесілісің, не қаласақ, соны жасаймыз» деген сөздер айтқан.

Жас қыздардың бірі — Александра Мерцалова (ресейлік медициналық орталық иесінің қызы) Ковальчукты ұрып, оның киімін тартып алып, өзінше киген. Қалған қыздар да ешқандай көмек көрсетпеген.

Модельдің айтуынша, ол бөлмеден қашуға тырысқанымен, жігіттер қайтадан кіргізіп алып, соңында қонақүйден шығып, жақын маңдағы құрылыс алаңына тығылған. Бірақ Папазов пен Лаптинский оны қуып жетіп, қатты ұрып-соғып, биіктіктен лақтырған.

«Сол сәтте есімнен танып қалдым. Басымнан қатты соққы алдым деп ойлаймын. Келесі сәтте өзімді жол жиегінде көліктен көмек сұрап тұрған күйде есіме түсірдім. Мені сол көлік жүргізушісі құтқарып, жедел жәрдем шақырған», – дейді Ковальчук.

Марияны 12 наурызда ауруханаға жатқызады. Оған бас сүйек пен омыртқаға бірнеше операция жасалған, бес күн бойы тыныс алу аппаратына қосылған. Қазір Норвегияда оңалту кезеңін өтуде.

«Қазіргі кезде арбамен қозғаламын, костыльмен жүруді қайта үйреніп жатырмын. Бір аяғым әлі толық жазылған жоқ», – дейді ол.

Марияның анасы Дубай билігі емделу ақысын толық төлегенін, бірақ олармен келісім жасасып, әмірлік басшылығы туралы жағымсыз пікір айтпауға міндеттелгенін айтты.

Журналистік дерекке сүйенсек, Артем Папазов пен Лаптинскийді полиция ұстағанымен, келесі күні босатқан. Олар тергеу барысында Ковальчукты іздегендерін және көмектескілері келгенін айтқан. Кешке қатысқан тағы бір жас жігіт Максим Крашенинников тек кешті ұйымдастырғанын, бірақ ерте кетіп қалғанын мәлімдеген. Ал Мерцалова тергелмеген, ол да ауруханаға түскен соң Ресейге оралған.