Бұл жолы Қаржы мониторингі агенттігінің (АФМ) назарына ерекше бала тәрбиелеп отырған ерлі-зайыптылар іліккен. Бастапқыда олар баласын емдету үшін қомақты қаражат қажет екенін айтып, халықтан көмек сұраған. Алайда жомарт жандар қажетті соманы жинап бергенімен, ата-анасы ақша жинауды тоқтатпаған, деп жазды Kozachkov offside телеграм арнасы.
Дәулет пен Толқын Тотақановтар отбасында 6 жылдан астам уақыт бұрын ұл бала дүниеге келіп, оған Альтаир деген есім берілген. Ата-анасы сәбидің денсаулығында күрделі ақаулар бар екенін бірден байқаған – бала даму жағынан кешігіп, өз бетінше отыра да, жүре де, тамақтана да алмаған.
Олар ұлдарын түрлі дәрігерлер мен оңалту мамандарына апарып, ақыры Түркияда 50 миллион теңгеге операция жасайтын мамандарды тапқан.
Осы соманы жинау үшін отбасы Instagram-да Альтаирдің парақшасын ашып, арнайы жарнамалық құралдар арқылы парақшаны белсенді түрде жүргізе бастаған. Қазақстандықтар баланың шынымен де емге мұқтаж екенін көріп, қажетті қаражатты аударған.
Алайда ерлі-зайыптылар бұл жерде тоқтамай, жарнамаға қайта ақша салып, аударымдар көлемін арттыра түскен.
Осылайша олар «жұмыс істеген»: түскен қаражаттың бір бөлігін парақшаны ілгерілетуге жұмсап, қалғанын өздеріне қалдырып отырған. ҚМА мәліметінше, соңғы 4 жылда Альтаирдің еміне 350 мыңнан астам адам қаражат аударып, жалпы жиналған сома 1,3 миллиард теңгеден асқан.
Осы қаражаттың 300–400 миллионы жарнамаға кеткен. Ал баланың нақты еміне, тергеу дерегі бойынша, бар болғаны 6 миллион теңгеден сәл астамы жұмсалған. Қалған ақша жылжымайтын мүлік пен көлік сатып алуға, шетелдік сапарларға, құмар ойындарға және түрлі ойын-сауыққа жұмсалған.
Жуырда Дәулет пен Толқын Тотақановтардың ісі сотқа жолданды – олар алаяқтық және қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастырды деген күдікке ілінген.
Өкінішке қарай, кейбір адамдар үшін қайырымдылық жақсы табыс көзіне айналып барады. Сондықтан барлығымыз донат жасап, ақша аударғанда сақ болуымыз керек.