Logo
Іздеу
Айдарлар

Қазақтың көкпары VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына енбей қалды

/
Қазақтың көкпары VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына енбей қалды
Фото: ашық дереккөзден алынды

2026 жылдың қыркүйегінде Қырғызстанда өтетін VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының (ДКО) ресми бағдарламасына қазақтың ұлттық көкпары енгізілмеді. Бұл туралы Kaktus.media басылымы Қырғызстанның дене шынықтыру және спорт агенттігінің жетекшісі Айбек Абдымомуновқа сілтеме жасап хабарлады. Оның айтуынша, ойындарда тек қана көк-бөрү сайысы ұйымдастырылады.

«Клубтық жүйе алғаш рет енгізіледі. Бұдан былай ел құрамалары емес, клубтар бақ сынайды. Клуб құрамына түрлі елдің ойыншылары енеді. Мысалы, бір клубта Қырғызстаннан Манас Ниязов, Қазақстан, Өзбекстан және Венгрия ойыншылары бірге ойнауы мүмкін. Бұл қадам – көк-бөрүді саяси контекстен тыс дамытуға бағытталған», – деді Абдымомунов.

Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы дау – алдыңғы ойындарда

Еске салсақ, V ДКО 2024 жылдың қыркүйегінде Қазақстан астанасында өткен болатын. Финалда Қазақстан мен Қырғызстан құрамалары көкпардан кездесті. Алайда матч жанжалмен аяқталды: қазақстандық ойыншы қарсыласына қамшымен соққы бергеннен кейін төбелес шығып, ойын уақытша тоқтатылды.

Қайта жалғасқан кездесуде бастапқыда 3:1 есебімен алда келе жатқан Қырғызстан 4:5 есебімен жеңілді. Наразылық білдірген қырғыз ойыншылары марапаттау сәтінде күміс медальдарын бірден шешіп тастап, сахнадан кетіп қалды.

Кейін Қырғызстанның көк-бөрү федерациясы ресми наразылық хат жолдап, Қазақстанға Ыстықкөл жағасында матч-реванш өткізуді ұсынған еді. Алайда Қазақстан құрамасы оған қатыса алмады.

Қазақ көкпарының ресми бағдарламаға енбей қалуы – ұлттық спорт түрін халықаралық деңгейде стандарттау мен бейтараптандыру әрекетінің көрінісі болуы мүмкін. Бір жағынан, клубтық формат саясаттан тыс командалар құрып, қатысушылар арасында бірлік пен достық ахуалын қалыптастыруға бағытталса, екінші жағынан, ұлттық дәстүрлер мен ережелер арасындағы қайшылықтар кей спорт түрлерін шеттетуге себеп болуда.