Logo
Іздеу
Айдарлар

Радардан жоғалып кеткен Қорғаныс министрлігінің тікұшағы неге әлі табылмай жатқаны айтылды

/
Радардан жоғалып кеткен Қорғаныс министрлігінің тікұшағы неге әлі табылмай жатқаны айтылды
Сурет: ашық дереккөзінен

Қорғаныс министрлігі Алматы облысында жоғалған тікұшақты іздестіру жұмыстарының бірқатар қиындықтарға тап болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

«Сорбұлақ – Алматы облысының солтүстік-батысында орналасқан табиғи жабық ойыстағы ірі сарқынды сулар жинақтайтын көл. Іздестіру жұмыстарына бірнеше фактор кедергі келтіруде: су түбінің күрделі бедері мен лай басқан түбі, тереңдіктің біркелкі болмауы (22 метрге дейін), су алмасудың баяулығы, көрінбеу жағдайы, балшық пен балдырлардың көптігі. Бұл табиғи және техногендік ерекшеліктер барлық операцияға қатысушылардан жоғары дәлдікті, техникалық жабдықталуды және үйлесімді әрекетті талап етеді», – дейді министрлік.

Сорбұлақ су қоймасы маңында іздеу жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде.

«2025 жылғы 25 шілдеде жоғалған Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әуе қорғанысы күштерінің EC-145 тікұшағында болғандарды іздестіру үшін Сорбұлақ су қоймасы маңында ауқымды іздеу-құтқару операциясы жүріп жатыр. Жұмыстар күшейтілген режимде, тәулік бойы жалғасуда. Операцияға 400-ге жуық адам, 70-тен астам жерүсті техникасы, 21 жүзу құралы, 10 ұшқышсыз ұшу аппараты, эхолоттар, су асты сканерлеу құралдары және кинологиялық есептер жұмылдырылған. Орын алған жерде операцияны Қазақстан Қарулы күштері Әуе күштерінің қолбасшысы, авиация генерал-майоры Асқар Гадылшиевич Избасов басқарып, барлық бөлімшелердің жұмысын үйлестіріп отыр», – делінген хабарламада.

Су қоймасы мен жағалау аймағының кешенді тексерісі жүргізілуде, оның ішінде терең және қол жетуі қиын учаскелер де бар.

«Іздестіру жұмыстары күндіз де, түнде де тоқтамайды. Жоғалғандардың туыстарымен тұрақты және нақты жұмыс жүргізілуде – операция барысы туралы дер кезінде ақпарат беріліп отырады», – деп қосты министрлік.

Қорғаныс министрлігі іздеу-құтқару жұмыстары түпкілікті нәтиже шыққанша жалғасатынын айтып, оның барысы мен қорытындылары жөнінде қосымша хабарланатынын жеткізді.

Еске салайық, Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 25 шілдеде Алматы облысында жоспарлы ұшу барысында Қазақстан Қарулы күштері Әуе қорғанысы күштеріне тиесілі EC-145 тікұшағы радардан жоғалып кеткен. Алдын ала мәлімет бойынша, бортта үш экипаж мүшесі болған. 26 шілдеде Қорғаныс министрлігі Алматы облысынан тікұшақтың бір бөлігінің табылғанын хабарлаған болатын.