Санкт-Петербургте 2025 жылдың соңына дейін шетел азаматтарының такси саласында жұмыс істеуіне тыйым салынды. Бұл туралы қала әкімшілігінің баспасөз қызметі хабарлады. Тиісті қаулыға қала губернаторы Александр Беглов қол қойған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Құжатқа сәйкес, тыйым бірқатар экономикалық қызмет түрлерімен айналысатын кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты және патент негізінде жұмыс істейтін қызметкерлерге қатысты қолданылады. Бұл шешім қызмет сапасы мен қауіпсіздігін арттыру, сондай-ақ Ресей азаматтары үшін жаңа жұмыс орындарын ашу мақсатында қабылданған.
Кәсіпкерлерге шетелдік қызметкерлермен жасалған келісімшарттарды аяқтап, оларға балама табу үшін үш айлық өтпелі кезең берілді. Билік өкілдерінің айтуынша, бұл уақытша шектеу әлеуметтік-экономикалық салдарға талдау жасауға және оны ұзарту мүмкіндігі туралы шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Қаулы жарияланған күннен бастап он күннен кейін күшіне енеді.