Ғылым және жоғары білім министрлігінің дерегінше 2024-2025 жылдары Қазақстанда 31 500 шетелдік студент оқыған, - деп хабарлайды Arasha.kz.
Соңғы жылдары еліміздің жоғары оқу орындарынан шетелдік студенттерді жиі көзіміз шалатын болып жүр. Бұл ненің белгісі? Шетелдік жастар біздің елімізді білім ордаларындағы оқу ақысының арзандығы үшін таңдай ма? Әлде Қазақстандағы тыныштық пен жайлылыққа, білім ордаларындағы нәтижелерге қарап таңдау жасаған ба?
Ғылым және жоғары білім министрлігінің дерегінше 2024-2025 жылдары Қазақстанда 31 500 шетелдік студент оқыған. Оның ішінде Азия елдерінен келген студенттер саны ТМД елдерінен келген студенттер санынан әлдеқайда көп. Құзырлы орган өкілдері қазақстандық білім ордаларын тартымды ететін бірнеше себепті алға тартуда.
Оның біріншісі – әрине, Қазақстандағы саяси ахуалмен, халықтың менталитетімен байланысты. Қазақ қашаннан қонақжай халық. Бейбіт мақсатпен келген шетелдіктерді кеудесінен итермей, керісінше оқуына, еркін жүруіне барлық жағдай жасаған. Сондықтан, бір-бірінен естіп, құлағдар болған студенттер өз еліндегі жастарға Қазақстанның жақсы жағын жарнамалап, білім алушылар қатарының артуына түрткі болуда.
Екіншіден, Қазақстанда өмір сүру аса қымбат емес. Өзге елдермен салыстырғанда мұнда жоғары оқу орындарының оқу ақысы да қалтаға көп салмақ салмайды. Студенттер үшін маңызды саналатын тұрғын үй мәселесі де тез әрі арзан шешіледі. Сонымен қатар, асы адал, құнарлы әрі айтарлықтай қымбат емес.
Үшіншіден, студенттер медициналық қызметтің де қолжетімді екенін көріп Қазақстанға басымдық береді. Одан бөлек студенттер тегін кітаппен қамтылған. Кітапханалардың қай-қайсының да талапты жастарға есігі әрдайым ашық.
Төртінші себеп ретінде жоғары оқу орындарындағы оқытушылық құрамның мықтылығын атап өтуге болады. Әсіресе кейінгі жылдары әрбір білім ордасы білім мықты ғалымдармен қатар, тәжірибеде әбден шыңдалған, өз саласының білгірлерін дәріс оқуға тартуда. Университеттерде теориялық біліммен қатар тәжірибені де қатар үйреніп шығу нарық сұранысына толық жауап беретін мамандар шоғырын қалыптастыруға көмектеседі.
Бесіншіден, әр жоғары оқу орны мамандарды даярлаудың заманауи, озық бағдарламасын жасап жатыр. Соның арқасында білім берудегі ескі әдістің барлығы артта қалып, университеттер әбден сүзгіден өткен сауатты бағдарламалармен шәкірт даярлауда. Бұл да шетелдіктерді қызықтырудың таптырмас тәсілі.
Жоғары оқу орындары озық елдердегі жетекші білім ордаларымен байланысқа да жіті мән беруде. Қазақстанда оқи жүріп, қосымша өзге елдердің оқу ордаларынан диплом алу қай талапкерге болсын ұнары анық. Соны ескерген еліміз әлемнің 12 елінен келген жоғары оқу орындарымен 34 стратегиялық әріптестік орнатқан. Бұл қатарда Ұлыбритания, Италия, Қытай, Ресей, АҚШ, Франция және Оңтүстік Кореяның жетекші университеттері бар. Осы білім ордаларының 23 филиалы қазір отандық университеттермен тығыз байланысты жұмыс жүргізуде.
Бұл жөнінде өз пікірін білдірген Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек: «Біз әлемнің түкпір-түкпірінен үздік серіктестерді тарта отырып, елімізді Орталық Азиядағы білім беру және ғылыми тәжірибе алмасудың орталығына айналдыруға күш салып келеміз. Шетелдік университеттер филиалдарының біздегі жетекші оқу орындардың жанынан ашылуы, бұған қоса жыл өткен сайын біздің университеттерге қызығатын шетелдік студенттердің артуы таңдалған жолдың дұрыстығын растайды» деді.
Министрдің айтуынша, Жоғарғы білімді дамытуға қатысты жобалар мен бастамалар әлі де үздіксіз жалғаса береді. Қазақстан 2010 жылдан бастап Болон процесінің қатысушысы. Соның нәтижесінде қазір әр саланың білікті мамандарын даярлау үш деңгейде жүргізіледі. Оның біріншісі бакалавриат болса, оны тәмамдағандар білімін әрі қарай магистратурада жалғай алады. Ал білімін тереңдетіп, ғылыми ізденіс жасау жолын таңдағандар докторантураға түсуге бақ сынай алады.
Дамудың жолына түскен отандық білім ордалары 2028 жылға қарай шетелдік студенттер санын 31500-ден 100 000-ға дейін ұлғайтуды мақсат етіп қойып отыр. Соған орай құзырлы министрлік білім беруді трансұлттандыру стратегиясын әзірлеген. Осы тұжырымдама шеңберінде «Қазақстанда оқу» жобасы іске қосылып, сәтті жүзеге асуда. Саясат Нұрбектің айтуынша, бұл бағдарламаны қолға алудағы басты мақсат – шетелдік талантты жастарды тарту және елдің халықаралық академиялық беделін қалыптастыруға бағытталған.
Биыл алғаш рет Қазақстанға оқуға келген Азия, атап айтқанда Үндістан мен Қытай тұрғындары ТМД елдерінен келгендер санынан асып түсті. Яғни олардың саны 17 456 адамға жетті. Ал ТМД елдерінен келгендер биыл 12 816-ны межелеп отыр. Халықаралық білім беру саласында қалыптасқан тағы бір үрдіс – Қазақстанда ресейліктер арасында оқуға деген сұраныстың артуы. Тек биылғы жылы Ресейден келген студенттер саны 3000-нан асқан. Ал 2021 жылы Қазақстанда білім алуға ниет танытқан ресейліктер саны 1263 болған еді.
Қазақстанның жоғары оқу орындары университеттердің ұлы Хартиясына қосылған. Соның арқасында оқу процесіне жаңа прогрессивті технологиялар мен оқыту жүйелері енгізіліп отыр. Бүгінде білім ордалары кредиттерді аудару мен жинақтаудың Еуропалық жүйесі бойынша студенттер білімін бағалайды.
Ғылым және жоғары білім министрлігі ұсынған дерекке сенсек қазір 119 жоғары оқу орны студенттер қабылдайды. Біздің елімізде білім алғысы келгендер күндізгі оқу, онлайн оқыту, экстернат, яғни, білім алушы білім беру бағдарламасының пәндерін өз бетінше оқу түрін таңдай алады. Алайда міндетті түрде аудиторияға келіп, дәрістер мен тәжірибелік сабақтарға күнделікті қатысуды қажет ететін мамандықтар тізбесі де жасалған. Айталық, дәрігер, ұшқыштар, сондай-ақ, ақпараттық-коммуникациялық технология, инженерия саласының мамандарын, сәулет және құрылыс, ветеринария сияқты жауаптылығы жоғары кәсіп иелерін экстернат және онлайн-оқыту нысанында оқытуға жол берілмейді. Бұл да болса елімізде жоғары білімге жоғары талаптар қойылатынын көрсететін тетік.