Қазіргі кезде ғылыми сауаттылықтың жоқтығы қоғамда көптеген мәселе тудырып жатқаны рас. Сол себепті жастар арасында ғылымды танымал ету, ғылымның қоғам үшін пайдалы екенін түсіндіру, ғылымға қызығатын, зерттеуге терең ден қойған ойы ұшқыр жастардың шоғырын қалыптастыру маңызды болып отыр, - деп хабарлайды Arasha.kz.
Қазіргі кезде ғылыми сауаттылықтың жоқтығы қоғамда көптеген мәселе тудырып жатқаны рас. Сол себепті жастар арасында ғылымды танымал ету, ғылымның қоғам үшін пайдалы екенін түсіндіру, ғылымға қызығатын, зерттеуге терең ден қояған ойы ұшқыр жастардың шоғырын қалыптастыру маңызды болып отыр. Ғылыми сауаттылығын арттырған әрбір жас көкірек көзін ашумен бірге, ойлау көкжиегін де кеңейте бастайды. Кез келген дәлелденбеген ақпаратқа сене бермейді. Біздің болашағымыз жастардың қолында екендігін ескерсек, келешек қоғамның білімі мен ғылымы, техникасы мен технологиясының дамуы осы жас буынның қолында. Сондықтан жастардың ғылымға деген қызығушылығын арттыруға ерте бастан көңіл бөлген жөн.
Осы орайда қазақ қоғамындағы жастардың ғылыми деңгейін баптап, талапты ұл-қызымызға тәлімгер болып жүрген Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің доценті, философия ғылымдарының кандидаты Гүлнар Мәлікқызына көкейіміздегі сұрақтарды қойып көрдік.
– Гүлнар Мәлікқызы, жастардың ғылымға деген қызығушылығын арттыру үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Бүгінгі жас буын ғылыммен айналысуы үшін не істеуіміз керек?
– Ғылым саласында жұмыс жасап жүргеніме жиырма жылдан асыпты. Сәйкесінше, осы уақыт аралығында жастардың да заманға сай өзгерісін бақылап келемін. Қазіргі жастардың ойлау деңгейі, өмірге деген көзқарасы біздің көзқарасымыздан мүлде бөлек. Оларға барлық мәселеде дәлел керек. Яғни, бір жаңа дүниені үйренуден бұрын, бұл маған не үшін керек деп сұрайды. Ғылымды танымал етеміз, ғылымға деген қызығушылықты арттырамыз десек, біріншіден ғылымды күнделікті қарапайым өмірмен байланыстыра отырып түсіндіруіміз қажет.
Қазіргі жастардың әлеуметтік платформаларда көп уақыттарын өткізетіндігіне байланысты ғылымды осындай заманауи технологияларды қолдану арқылы дәріптеуіміз керек болып отыр. Атамыз қазақ «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» деді емес пе?! Нақты мысал айта кетейін, университеттер арасында студенттер мен жас ғалымдардың қатысуымен «Қазақ философиясының өзектілігі» тақырыбында бейнероликтер байқауын өткіздік. Қатысуға ниет білдіргендердің саны өте көп, өтінімді жинап үлгермей жаттық. Бұл нені білдірді? Яғни қазіргі жастардың ғылымды түсінуі заманауи технологиялармен тікелей байланысты екендігін көрсетіп отыр. Сырттан қараған адам қазіргі жастардың ғылымға деген қызығушылығы жоқ деп асығыс шешім шығара беруі мүмкін. Ал біздер, байқауды ұйымдастырушылар, қазіргі жастардың қаншалықты жан-жақты, ойларының қаншалықты ұшқыр әрі терең екендігіне көз жеткіздік. Тарихты, танымал тұлғаларымызды білмейді деп жатамыз. Бірақ, біз бейнебайқаулардан Абайды да, Шәкәрімді де, Мұқағалиды да жаңаша бейнеде көрдік. Сондықтан, ғылымды дамытамыз десек, заман талабын да ұмытпауымыз керек!
– Қазіргі жас ғалымдарды қандай тақырыптар қызықтырады? Қазіргі жастар қандай тақырыптарды зерттеп жүр?
– Біздің университетте жылда өткізілетін халықаралық ғылыми форумдар бар. Соның бірі «Фараби әлемі» ғылыми форумы. Бұл жерде жас ғалымдар мен студенттер өздерін толғандырып жүрген кез келген тақырыпта ғылыми жұмыс дайындап, қорғай алады. Қоғамдық өзгерістер ғылыми жұмыстардың тақырыбына тікелей әсер етіп отыр. Қоғамда болып жатқан оқиғаларға байланысты, жастар бойындағы ұлттық құндылықтарды дәріптеу тақырыптары көбеюде.
Жас буынды қоғамдағы барлық мәселе қызықтырады. Жасанды интеллект (AI): оң мүмкіндіктері мен ықтимал тәуекелдері, жасанды интеллект пен адамды алмастыру: моральдық шекаралар мәселесін қарастырды бір студент. Өте қызықты тақырып. Жасанды интеллект болашақта адамды ауыстырса не болатындығын болжап көрді. Қазақстан қоғамындағы моральдық-әлеуметтік мәселелерден бастап, «Төртінші индустриялық революциядағы жеке өмір» деген тақырыпта моральдық, әлеуметтік тұжырым жасапты бір жас ғалым. Өздері оқып жатқан онлайн білім алу жүйесіне де талдау жасайды жастар: «Білім беру мен ақпарат алудың жаңа әдістері: дәстүрлі оқу жүйесі мен онлайн оқытудың арасындағы айырмашылық» деген тақырыпта ғылыми баяндама қорғады. Бұл көрсетілген мысалдардың өзі, менің бастапқыда берген жауабымның дәлелі. Яғни, қазіргі жастар өздері өмір сүріп жатқан қоғамның негізгі мәселелерін зерттеуге құмар.
– Университет ғылымға қызығатын жастарға қандай қолдау көрсетіп отыр?
– Біздің күнделікті өтетін сабағымыздың өзі осы ғылымға жол бастауға, ғылымның танымалдылығын арттыруға бағытталған басты қадамдар. Ғылыммен айналысамын деген жасқа әрқашан көмек қолын созуға дайынбыз. Тіпті, менің қолымнан келмейді деп жүрген баланың өзін, қызығушылықтарын сұрай отырып, тақырып беріп, үлкен бір ғылыми жобаға қатысып, жүлделі орын алған кезіміз болған. Тағы бір айтып өтетін мәселе, ғылымға қызығушылықты арттыру мақсатында жыл сайын Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірігіп республикамыздың барлық жоғары оқу орындарының қатысуымен республикалық пәндік олимпиадалар мен ең үздік ғылыми жобалар сайысы өткізіледі. Ғылыммен айналысып жүргендердің жүзден жүйріктері осы байқауларда анықталады. Байқау ретінде ұйымдастырылған шара болғандықтан бұл білім сайысы өте қызықты өткізіледі. Менің айтайын дегенім, ғылымға қызығушылықты арттырудың басты құралдары – осы секілді мотивацияға толы сайыстар, байқаулар, форумдар.
Жалпы, өзі өмір сүріп жатқан ортаның қалай, қайдан, қашан пайда болғанын, ондағы таңғажайып тіршіліктің сырын білгісі келмейтін бала жоқ. Ғылымға деген қызығушылықты арттыруды мектеп қабырғасынан бастауымыз керек, ғылымды шегі, қиыры жоқ қиын нәрсе ретінде сипаттамай, күнделікті өмірмен байланыстырып, қарапайым ұғындыра алсақ болашақ жас ғалымдардың санының артанына күмәнсіз қарайтын едік.