«Өркендеуге жәрдемдесудің ұлттық қорының» төрағасы Үсен Сүлеймен жасөспірімдерге цифрлық ортаның ықпалы және әлеуметтік желілердегі ЛГБТ тақырыбына қатысты жаңа мониторинг деректерін ұсынды, деп хабарлайды Arasha.kz тілшісі.
Сүлейменнің айтуынша, соңғы бір жыл ішінде мамандар ЛГБТ тақырыбында 1 559 әлеуметтік медиа жарияланымын тіркеген. Сонымен қатар, мұндай контентті насихаттайтын қолданушылар тарапынан жоғары белсенділік байқалған.

«Әлеуметтік желілерде нетрадициялық жыныстық бағытқа қатысты құндылықтарды насихаттайтын жарияланымдар таралып жатыр. Мен мұны қолдамаймын», – деді Сүлеймен.

Жастардың негізгі ақпарат көзі – әлеуметтік желі
Қор жүргізген әлеуметтік сауалнама нәтижесі бойынша, респонденттердің 63,7%-ы ЛГБТ туралы мәліметті әлеуметтік желілерден алатынын айтқан. Ал дәстүрлі БАҚ – теледидар, радио, газет арқылы – тек 42%-ы ғана ақпарат алатыны белгілі болды.
Сүлеймен бұл үрдісті жасөспірімдер арасындағы цифрлық тәуелділікпен және олардың идеологиялық әсерге бейімділігімен байланыстырып, қоғамда тәрбиелік және рухани тәуекелдердің артып отырғанын атап өтті.
«Осылайша, жастар үшін дәстүрлі емес жыныстық қатынастар туралы негізгі ақпарат көзі — әлеуметтік желілер болып отыр. Жасөспірімдердің цифрлық тәуелділігі мен тексерілмеген немесе идеологиялық тұрғыдан бағытталған ақпаратқа осалдығын ескере отырып, біз өсіп келе жатқан ұрпақты тәрбиелеу мен қалыптастыруда айтарлықтай қауіптерге тап болып отырмыз», – деп атап өтті Сүлеймен.