АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі қызметіне үміткер Джули Стаффт Астанаға Ресей мен Қытай ықпалына қарсы тұруға көмектесуге және Қазақстан билігімен бірлесіп балама экспорт бағыттарын іздеуге дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Бұл туралы ол АҚШ Сенатының халықаралық істер жөніндегі комитетіндегі тыңдау кезінде айтты, деп жазды Orda.kz.
Стаффт елші болып тағайындалған жағдайда ұстанатын бағдарламасын таныстырып, Трамппен және сенатор Рубиомен тығыз жұмыс істейтінін, сондай-ақ Қазақстандағы америкалық азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететінін жеткізді.
«Қазақстан үкіметі мен халқы 1991 жылдан бастап АҚШ-тың қолдауына ие болды. Біз Қазақстанның тәуелсіздігін бірінші болып таныған елміз. АҚШ Қазақстанға Кеңес Одағынан қалған ядролық және биологиялық қару-жарақтан және оның инфрақұрылымынан арылуға көмектесті. Кейін америкалық энергетикалық компаниялар Қазақстан экономикасына миллиардтаған доллар инвестиция салды, бұл екі елге де пайда әкеліп отыр. Бүгінде біз сауда және энергетика салаларында жаңа дәуірдің табалдырығында тұрмыз. Қазақстан – уран өндіру бойынша әлемдік көшбасшы, ірі мұнай экспорттаушы және маңызды пайдалы қазбаларға бай ел», – деді Стаффт.
Ол тағайындалған жағдайда АҚШ пен Қазақстан арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуға және энергетика, технология, инфрақұрылым салаларына америкалық инвестиция тартуға күш салатынын айтты. Сонымен қатар Ресей мен Қытай ықпалына қарсы әрекет етуді негізгі бағыттарының бірі ретінде атады.
«Ресей Қазақстанға әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекара арқылы қысым көрсетуі мүмкін. Ал Қытай телекоммуникация мен кен өндіру салаларын бақылауға тырысуда. АҚШ үшін Қазақстанның тұрақты, тәуелсіз және гүлденген мемлекет болғаны маңызды. Қазақстан — АҚШ үшін маңызды серіктес», – деді Стаффт.
Сонымен бірге ол Ресей аумағын айналып өтетін балама экспорт маршруттарын әзірлеу бойынша Қазақстанмен ынтымақтасуға дайын екенін жеткізді. Бұл ретте, атап айтқанда, қазақстандық мұнайдың 80%-ы экспортталатын Каспий құбыр консорциумының (КҚК) баламасы жайлы сөз болуы мүмкін, оны Ресей қажет болса, оңай жауып тастай алады.
Сондай-ақ Стаффт стратегиялық маңызды минералдар секторына инвестиция тарту мен қорғаныс саласындағы мемлекетаралық қатынастарды дамыту мәселелерін басым бағыттар ретінде атады.
Қазіргі уақытта Джули Стаффт Қазақстандағы АҚШ-тың бұрынғы елшісі Дэниел Розенблюмның (ол қаңтарда 28 жылдық дипломатиялық қызметін аяқтаған) ең ықтимал мұрагері ретінде қарастырылып отыр.