«Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамы ұсынған дерекке сәйкес Қазақстанда 6 миллион 435 мың 175 жеке тұлғаның басында өз баспанасы бар. Осы уақытта оннан астам жылжымайтын мүлікке ие болған қазақстандықтар саны 1 669-ға жетіп отыр,- деп хабарлайды Arasha.kz.
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамы ұсынған дерекке сәйкес Қазақстанда 6 миллион 435 мың 175 жеке тұлғаның басында өз баспанасы бар. Осы уақытта оннан астам жылжымайтын мүлікке ие болған қазақстандықтар саны 1 669-ға жетіп отыр. Екі үйі барлардың саны 945 мың шамасында болса, 3 үйді меншіктегендердің саны 287 мыңның айналасында. Дегенмен, елімізде әлі де өз баспанасына қолы жетпей, жалдамалы пәтер сағалап жүргендер аз емес. 2024 жылғы есеп бойынша ел тұрғындарының саны 20 миллионға жеткенін ескерсек, тұрғын үйге деген қажеттіліктің жыл сайын өсе беретіні түсінікті шығар.
Үйі жоқтың күйі жоқ екенін ескерген мемлекет тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етуге барынша күш салып келетін. Осы мақсатта қабылданған бағдарламалар аз емес.
Тұрғын үй саясаты тұрғындарды әлеуметтік қолдауға, қолжетімді баспана салуға, жалдамалы және жеке тұрғын үй нарығын дамытуға бағытталған. Ал бұл мәселе тиімді шешілуі үшін мемлекеттік қолдаумен қатар, азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселесі қатар реттелуі керек.
Айталық қазір мемлекет қолжетімді баспаналарды салып, оны алу үшін түрлі тиімді бағдарламаларды қолданысқа енгізді. Осы мақсатта «Отбасы банкіне» азаматтарға тиімді несие пакетін ұсыну талабы жүктелді. Алайда, тиімді бағдарламалар сапалы жүргізілуі үшін халықтың да әлеуетіне көңіл бөлген абзал. Бұл тұста азаматтардың тұрақты жұмыспен қамтылуы, табысының жоғары болуы, қаржылық сауатының өсуі айтарлықтай маңызға ие. Қолындағы қаржысын ұқсата алмайтын, тұрақты кіріс көзі жоқ отбасылардың қандай бағдарламаға болсын шамасы жетпейді. Өйткені, біздің еліміздегі тұрғын үй несиелерінің пайыздық үстемесі 5-6 пайыздан жоғары. Онда да мұндай жеңілдетілген бағдарламамен үй алу үшін өтінім берушілер табысын дәлелдеп, белгілі бір соманы банкте жинауы керек.
Қолжетімді баспанамен қамтудағы мемлекеттік қолдауларды тұрақты насихаттап, толымды ақпарат беріп отырудың да баспанасыздар қатарын азайтуда көмегі көп. Өйткені, тұрғын үймен қамтуға арналған бағдарламалардың шарттары мен талаптары әртүрлі. Азаматтар соның ішінде өзіне ыңғайлысын, тиімдісін таңдай білуі керек. Мұны қаржылық сауатты арттыру, ипотекалық тұрғын үй бағдарламаларын сауатты түсіндіру арқылы ғана кең көлемде жүзеге асыруға болады.
Мысалы көпшілікке жақсы таныс, тұрғын үй саясатындағы алғашқы қарлығаштың бірі саналатын «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын алайық. «Отбасы банкі» арқылы берілетін бұл үйлерді ипотека бойынша ресімдегенде пайыздық мөлшерлеме 5%-ды құрайды. Алайда осындай аз пайызбен баспана алу үшін азаматтардың қолында бастапқы жарна ретінде төлейтін 20 пайыздық төлем болуы керек. Әрине 25 жылға бөліп төлеуге мүмкіндік беретін бұл бағдарлама табысы аз азаматтардың жалдамалы пәтерге төлем жасағаннан гөрі, өз баспанасына қаржы салуына көмектеседі.
Елімізде әскери қызметшілерге, полиция қызметкерлеріне де жақсы жағдай жасалып жатқаны белгілі. Халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігін күзетіп, күн-түн демей ел игілігіне қызмет ететін сарбаздардың еңбегінің бағаланғаны, әрине, дұрыс. Қауырт жұмыстың бел ортасында жүретін мамандардың отбасына көңіл бөлу, тұрғын үймен қамтамасыз ету – мемлекеттің етене міндеті. «Әскери өнім» деп аталатын бағдарлама да осы мақсатта қолға алынған игілікті бастаманың бірі. Ең қуанарлығы әскери және полиция қызметкерлерінің отбасы мүшелеріне мемлекеттен тұрғын үйге ай сайынғы төлем жүргізіледі. Қызметкерлер осы төлемді жалдамалы пәтерге жұмсауға немесе ипотекасын жабуға пайдалана алатынын ескеруіміз керек. Яғни, мемлекет тарапынан ай сайын берілетін бұл төлем тұрғын үйді қиындықсыз алуға мүмкіндік ұсынады.
«Бақытты отбасы» деп аталатын тұрғын үй бағдарламасының да қоданылып келе жатқанына бірталай уақыт өтті. Бұл бағдарлама көпбалалы отбасыларға, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, I және II топтағы мүгедектігі бар тұлғаларға, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасыларға тиімді жеңілдіктермен үй алуға жол ашады. Ипотеканың жылдық мөлшерлемесі де басқа бағдарламалармен салыстырғанда анақұрлым төмен – бар болғаны 2 пайызды құрайды. Бастапқы жарна да 10 пайызбен шектелген.
Жалпы, отбасылық құндылықты дәріптеп, жарасымды жанұяларға жағдай жасауды мемлекет бірінші орынға қоюы керек. Өйткені бұған дейін жалғызбасты аналарды, толық емес отбасыларды қолдауға көңіл бөлінді. Соның салдарынан сүттей ұйып отырған отбасылардың саналы түрде ажырасуды рәсімдегені көпшілікке белгілі. Ажырасқан ретінде тіркеліп жеңілдікпен баспана алған соң уақыт өте некелерін қайта заңдастырғандар да баршылық. Ал осы дүниенің әлегімен жүріп, ажырасқан кейбір отбасылардың қайтып біріге алмай, бүтінделе алмай екі жаққа кеткенін де көзіміз көрді. Сондықтан бізге тату, сыйластығына сына түспеген отбасыларды насихаттап, солардың түзу тірлік кешуіне жол ашатын тұрғын бағдарламаларын көбірек қарастырған дұрыс. Басқалар тұрғын үй алуда көпбалалы жанұяларға, толық отбасыларға артықшылық берілетінін біліп, осындай тағылымды тірлікке ұстылғаны абзал. Ендеше, «Бақытты отбасы» бағдарламасы жалғасты болуы, жеңілдіктері әлі де жетілдіріліп, мемлекеттегі отбасылық құндылықтардың нығаюына қызмет еткен жөн.
«Өз үйім» – деп аталатын бағдарама кейінгі жылдары қолға алынған бастама қатарында. Бұл – Отбасы банкінің жеке бағдарламасы. Осы арқылы банк жаңа салынған үйден нарық құнынан төмен бағада пәтер алуға көмектесіп отыр. Түрлі құрылыс компанияларымен тығыз бірлікте қолға алынған бұл бағдарлама тұрғын үй нарығындағы алыпсатарлықты азайтуға, баспана бағасын оңтайландыруға, өз үйін алғысы келетіндерге тиімді баға ұсынуға бағытталған.
Әрине, тұрғын үй саясатында азаматтарға көпқабатты үйлерден жайлы, ыңғайлы пәтер беру көзделген. Алайда, Отбасы банктің өз бетінше үй салғысы келетін тұрғындардың да қалауын ескергені құба-құп. Өйткені, тұрғын үй деген тек көпқабатты үйдегі пәтер емес. Азаматтар тиімді несиелендіру арқылы өзінің арманындағы баспаны салып, тұрғысы келеді. Өкінішке орай, бізде бұл мәселе назардан тыс қалған. Бүгінде Отбасы банк жер үйлердің жөндеу жұмыстарына ғана несие беруді қарастырады. Алдағы уақытта үйдің іргетасынан бастап кірпішін қалау, шатырын жабу секілді бар шаруасын өз қолымен жасағысы келетіндерге мемлекеттік қолдау тетігі жасалса орынды болар еді.