2019 жылы Алматы маңында орын алған Bek Air әуе апатына қатысты іс қайта тергелетін болды. Бұл туралы Қазақстан Республикасының көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
«Өкінішке қарай, авиацияда мұндай оқиғалар жиі кездеседі және нақты қорытынды жасау өте қиынға соғады. Авиациялық апаттар көбіне ұзақ уақыт тергеледі. Қазір барлық құжаттарды дайындау кезеңі жүріп жатыр», – деді министр бейсенбі күні өткен баспасөз мәслихатында.
Сауранбаев тергеудің жалғасатынын растады.
Еске сала кетейік, 2019 жылдың 27 желтоқсанында таңғы 7:22-де Алматыдан Нұр-Сұлтанға бағыт алған Bek Air әуе компаниясының Fokker-100 ұшағы (№Z2100 рейсі) ұшып көтерілген сәтте биіктігін жоғалтып, бетон қоршауды бұзып өтті. Содан кейін қос қабатты ғимаратқа соқтығысқан.
Ұшақ екі рет құйрығымен ұшу-қону жолағына тиген. Бортта 93 жолаушы болған, оның ішінде үш нәресте және бес экипаж мүшесі бар еді. Апат салдарынан 12 адам қаза тапты. Олардың қатарында Informburo.kz интернет-порталының журналисі Дана Круглова және Қазақстан генералдар кеңесінің төрағасы Рүстем Қайдаров болды. Сондай-ақ ұшақ командирі Марат Мұратбаев оқиға орнында қаза тапса, екінші ұшқыш Миржан Мұлдақұлов 2020 жылдың 28 қаңтарында көз жұмды.
Апаттан кейін жүргізілген тексерулер нәтижесінде Bek Air компаниясынан және Алматы әуежайы маңындағы жер қатынастары саласынан көптеген заңбұзушылықтар анықталды. Ұшақ апатының басты себебі ретінде жер бетінің мұз басуы (обледенение) аталды.
2019 жылғы 27 желтоқсанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы оқиғаға байланысты Премьер-Министр Асқар Мамин, Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев және Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановпен өткізген кеңесте Алматы әуежайының шекарасына жақын орналасқан жеке құрылыстардың заңдылығын тексеруді Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне тапсырды.
2019 жылғы 28 желтоқсанда заңгер Бақытжан Базарбек апат болған аумақтағы Гүлдала мен Әлмерек ауылдарының арасындағы 150 гектар жер телімдерінің ауыл шаруашылығы мақсатындағы жеке меншікте болғанын мәлімдеді. Бұл жерлер ұшу-қону жолағынан небәрі 300–400 метр қашықтықта орналасқан және ұшақ қозғалысына қауіп төндіретіндіктен, онда тек тұрғын үй емес, кейбір ауыл шаруашылығы қызметімен де айналысуға тыйым салынған. Юрист шенеуніктердің қатысуымен болған жер телімдерін заңсыз рәсімдеу әрекеттерін әшкерелеп, кейін оған қысым жасалғанын мәлімдеді.
2020 жылғы 10 қаңтарда Алматы облысының жер қатынастары басқармасының баспасөз қызметі үй салудың заңдылығын тексеру үшін өңірде жұмыс тобы құрылғанын хабарлады.
2020 жылғы 16 қаңтарда ұшақ соғылған үйдің құрылысын Талғар ауданының сәулет және қала құрылысы бөлімімен келісілмегені анықталды.
2 сәуірде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бұрынғы әкімдер мен бірқатар шенеуніктердің Алматы әуежайы маңындағы жер учаскелеріне қатысты алаяқтық әрекеттері бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.
2020 жылғы 24 маусымда Талғарда ұшақ апаты орын алған аумақтағы жерлерге байланысты сот процесі басталды.
2020 жылғы 3 тамызда Алматы әуежайы маңындағы жер телімдерін сату ісі бойынша адвокаттар бүкіл сот құрамына қарсылық білдірді. Олар риэлтор Нұрайым Алданышты кінәсін мойындамағаны үшін қысымға ұшырағанын айтты. Оның қорғаушылары істің материалдарымен танысу құқығының шектелгенін де мәлімдеді. Бұл жағдайға Мәжіліс депутаты Дания Еспаева да назар аударып, оны қамауға алуды психологиялық қысым ретінде бағалады. 28 қаңтарда Талғар аудандық сотында Алданыштың жағдайы нашарлап, жедел жәрдем шақыруға судья рұқсат бермегені белгілі болды.
2020 жылғы 10 сәуірде қаза тапқан ұшақ командирі Марат Мұратбаевтың туыстары тергеу барысында маңызды деректердің жасырылғанын хабарлады.
Тергеу нәтижелері тек 2,5 жылдан кейін – 2022 жылғы 29 сәуірде жарияланды. Негізгі себеп – ұшақтың жердегі мұздануы деп танылды.
2024 жылғы 26 желтоқсанда Bek Air әуеапатына қатысты қылмыстық істің тергелуі аяқталғаны хабарланды.