Қаңтар айында «Аралтұз» зауытында жұмыс істеп жүрген әйелді тұз тасып жүрген жүк тиегіш көлік қағып кеткен, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оқиға салдарынан ол ауыр жарақат алып, толықтай көру қабілетінен айырылды және өздігінен қозғала алмай қалды. Қазір оған беті мен көзіне шұғыл операция қажет.
Жұмыс беруші бұл жағдайды «абайсызда болған оқиға» ретінде тіркеген. «Аралтұз» тарапынан әйелге 850 мың теңге көлемінде материалдық көмек беріліп, алда болатын операция шығындарын өтеуге уәде етілген. Алайда жәбірленуші сотқа жүгініп, моральдық зиян үшін өтемақы талап етті.
«Бұл жерде жұмыс берушінің кінәсі – 100%. Сот талапкерге ауыр дене жарақаты келтірілгенін, оның моральдық және физикалық азап шеккенін, қайта операция қажет екенін дәлелдеді. Арал аудандық соты „Аралтұз“ компаниясынан жәбірленушінің пайдасына моральдық зиян үшін 5 миллион теңге өндіріп беру туралы шешім шығарды», – делінген Жоғарғы сот хабарламасында.
Бұдан бөлек, ҚР Қылмыстық кодексінің 156-бабы 2-бөлігі – «Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу, абайсызда ауыр зиян келтіруге әкеп соққан» дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.