Logo
Іздеу
Айдарлар

Ғарышкер Талғат Мұсабаев өмірден өтті

/
Ғарышкер Талғат Мұсабаев өмірден өтті
Фото: ашық дереккөзден алынды

4 тамыз күні елімізге аты мәшһүр, ғарыш кеңістігін бағындырған Қазақстанның Халық қаһарманы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Талғат Амангелдіұлы Мұсабаевтың өмірден озғаны хабарланды. 

Президент көңіл айтты

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтып, телеграмма жолдады. Мемлекет басшысы Талғат Мұсабаевтың ғылым мен ғарыш саласындағы тарихи еңбектерін ерекше атап өтті:

"Талғат Амангелдіұлы — ғарышқа үш рет сапар шеккен, ашық ғарыш кеңістігіне бірнеше мәрте шыққан батыр. Оның ерлігі еліміздің абыройын асқақтатып, жас ұрпаққа шабыт сыйлады. Ол еңбек жолын отандық ғарыш саласының дамуына арнады. Сенат депутаты әрі қоғам қайраткері ретінде көптеген игі бастамалар көтерді. Кәсіби біліктілігі мен белсенді азаматтық ұстанымының арқасында халықтың құрметіне бөленді. Жарқын бейнесі жадымызда мәңгі сақталады", — делінген телеграммада.

Ғарышты жеті рет жыртқан батыр

Талғат Мұсабаев 1951 жылы 7 қаңтарда Алматы облысындағы қазіргі Қарғалы ауылында дүниеге келген. Рига және Ақтөбе қалаларында инженер мамандығын меңгеріп, кейін сынақшы-ұшқыш және ғарышкер ретінде арнайы дайындықтан өтті.

Ғарышқа алғаш 1994 жылы "Союз ТМ-19" кемесінің бортинженері ретінде аттанды. 125 күнге созылған бұл миссияда төрт рет ашық ғарыш кеңістігіне шықты.

1998 жылы келесі экспедицияны басқарып, 207 күн ғарышта болып, тағы үш мәрте ашық ғарышқа шықты. Ал 2001 жылғы соңғы сапарында ғарыш кемесінің командирі ретінде тарихтағы тұңғыш ғарыш туристі — америкалық Деннис Титоны бірге алып ұшты.

Барлығы Талғат Мұсабаев ғарышта 346 тәулік өткізді, жеті рет ашық ғарышқа шықты — бұл көрсеткіш 40 сағаттан аса уақытты қамтиды.