2025 жылғы 25 маусымда Шымкент қаласында қоғамдық көлікте орын алған оқиға бойынша жаппай резонанс туындады. Қалалық қылмыстық істер жөніндегі сотта 1997 жылы туған азаматша Ф.Г.С.-ке қатысты ҚР ҚК-нің 108-1-бабы бойынша қылмыстық іс қаралуда. Бұл туралы заңгер Хабидин Әбдаліұлы Рахманбердиев әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
Оның мәліметінше, күдікті өзіне «түрікпін» деп таныстырып, қоғамдық көлік ішінде жолаушылардың көзінше «қазақтар – лицемер», «маған десең 102, 104, Қасым-Жомарт президенттеріңді шақырыңдар!» деп айқайлап, ұлтаралық сипаттағы ауыр сөздер айтқан. Сонымен қатар, жәбірленуші 1976 жылы туған А.К.Б.-ны ұрып-соғып, шашынан тартқан.
«Бұл әрекеттердің барлығы бейнежазбада анық көрінеді. Онымен бірге қоғамдық көлік ішінде болған анасы мен 1995 жылы туған әпкесі де балағат сөздер айтып, жәбірленушіге қайта-қайта шабуыл жасауға тырысқан. Бұл — бұзақылықтың асқынған көрінісі», – деп жазады заңгер.
Заңгердің айтуынша, Ф.Г.С. үстінен Қылмыстық кодекстің 174-бабы («Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни алауыздықты қоздыру») бойынша да іс қозғау жөнінде сотқа ҚР ҚПК-нің 99-бабына сәйкес өтінішхат жолданған.
«Бұл жерде қазақ халқының сабырлығы болмаса, жағдай ұлтаралық қақтығысқа ұласуы мүмкін еді. Қазаққа тіл тигізген бұл әрекетке бейжай қарауға болмайды. Бейнероликте айтылған сөздер тұтас ұлттың ар-намысына тиеді», – дейді Х.Рахманбердиев.
Оқиғаның сот отырысы ашық форматта өтуде. Келем деушілерге 2025 жылғы 6 тамыз күні сағат 11:00-де сот отырысына қатысуға мүмкіндік бар. Заңгер күдікті тараптың әрекеті Қазақстандағы тұрақтылық пен ұлтаралық татулыққа қатер төндіруі мүмкін екенін айтып, азаматтарды бейбіт өмірді бұзатын сепаратистік әрекеттерге жол бермеуге шақырды.
«Қазақстанның тұтастығына сызат түспеуі тиіс. Осындайда ел болып, заңмен тойтарыс беруіміз қажет», – деп қорытындылады ол.
Қазіргі уақытта күдікті Ф.Г.С. Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі сотында жауап беруде. Іс бойынша тергеу және сот процесі жалғасуда.