Logo
Іздеу
Айдарлар

Тайваньда газ қоры небәрі 10 күнге жетеді – CSIS баяндамасы

/
Тайваньда газ қоры небәрі 10 күнге жетеді – CSIS баяндамасы
Фото: ашық дереккөзден алынды

Қытай Тайваньды теңіз арқылы қоршайтын жағдайда, аралдағы табиғи газ қоры 10 күн ішінде таусылады. Бұл туралы АҚШ-тағы беделді Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығы (CSIS) дайындаған есепте айтылған.

Зерттеу авторлары Тайваньның энергия импортына қатты тәуелді екенін атап өткен: арал қажетті мұнай, газ және көмірдің 98%-ын шетелден сатып алады. Егер Қытай аралды қоршайтын болса, көмір қоры жеті аптаға, ал мұнай қоры 20 аптаға ғана жететіні болжанған. Табиғи газдың жағдайы одан да күрделі — 10 күннен кейін толық таусылады.

CSIS сарапшылары Қытай шабуылының 26 әскери сценарийін талдаған. Олардың пайымынша, егер Бейжің толыққанды әскери қадамға барса, онда АҚШ-тың алдында екі ғана таңдау қалады: Тайваньның Қытай шарттарымен берілуіне жол беру немесе соғысқа тікелей араласу.

Алайда, баяндамада Қытай үшін де мұндай қоршау оңай шаруа болмайтыны, бұл қадам экономикалық және саяси тұрғыдан үлкен қауіп-қатерге әкелуі мүмкін екені ескертілген.

Зерттеуде Украинадағы соғыс тәжірибесіне сүйене отырып, оқ-дәрі мен әскери көмек жеткізу Тайваньға да аса қиын болатыны айтылған.

АҚШ пен Қытайдың Тайваньға қатысты ұстанымдары бұрынғыша қайшылықты: Вашингтон «бір Қытай» саясатын мойындағанымен, Тайваньмен бейресми байланыстарды жалғастырып келеді әрі аралға қару-жарақ жеткізуді тоқтатқан емес.