Қазақстандықтар өздерінің үйдегі су, жарық және газ сияқты коммуналдық есептегіштерінің көрсеткіштерін смартфон арқылы қадағалай алатын болады. Бұл туралы вице-премьер Қанат Бозымбаев брифинг барысында мәлімдеді.
«Мақсатымыз — сіз өз смартфоныңыздан есептегіш көрсеткіштерін көріп, тарифтің қандай болғанын, қаншалықты өскенін немесе азайғанын біліп отыруыңыз. Әрине, тариф көбіне өсе береді. Қанша тұтынғаныңызды бақылап, егер бір нәрсе дұрыс болмаса, монополистерге сұрақ қоя алуыңыз керек», — деді Бозымбаев.
Жаңа жүйе банктермен де интеграцияланады, яғни төлем жасау мүмкіндігі де бірден қосымшаның ішінде жүзеге асады. Мұндай жүйе "мобильді банкинг" үлгісінде жұмыс істемек.
Бұл бастаманы жүзеге асыру үшін "ақылды есептегіштер" қажет — олар нақты тұтыну көлемін тіркеп, онлайн түрде мәліметті қолданушының телефонына жібере алады. Бозымбаевтың айтуынша, бұл цифрлық жаңашылдықты жүзеге асырумен Көлік министрлігі мен Цифрлық даму министрлігі айналысатын болады.