Logo
Іздеу
Айдарлар

"Ел шындықты білуі керек": Берденовті атқан айыпкердің әкесі тың деректі айтты

/
"Ел шындықты білуі керек": Берденовті атқан айыпкердің әкесі тың деректі айтты
Orda.kz коллажы. Суретте: Ернар Жиембай мен Руслан Берденов

Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық әрекетке қатысты іс күрделене түсуде. Ertenmedia-ның хабарлауынша, айыпкер Ернар Жиембайдың туыстары ақпараттың бұрмаланып, оқиғаның шынайы бейнесі жасырылып жатқанын мәлімдеді, деп жазады Arasha.kz.

Олардың айтуынша, іс бойынша бірқатар күмәнді жайттар бар. Жәбірленушінің жарақаты жайлы алғашқы айтқандары мен бейнежазбалардағы көрініс сәйкес келмейді. Сондай-ақ, Берденовтің денесінен үш бытыра ғана табылғаны, сотқа дейін емін-еркін қозғалып жүргені айтылды.

"Жәбірленушінің 60 бытыра туралы ақпараты алғашқы бейнежазбасымен сәйкес келмейді, онда ол сыртқы киімсіз аурухана төсегінде және жамбасынан жоғары ешқандай жарақатсыз жатыр.

Берденовтің денесінен барлығы 3 дана бытыра қалдығы табылған. Сот отырысына дейін ол емін-еркін қозғалып жүрген. Бұған 1 тамызда өз аяғымен Шымкент қаласы әкімдігіне барғаны дәлел.

Бұдан оның жарақаты жеңіл болуы мүмкін және сотқа әдейі келмеуге әрекет жасаған деген күдік туындайды", – дейді айыпкердің әкесі.

Айыпкердің әкесі Жиембай Пірәлиев оқиғаның егжей-тегжейін баяндап, жәбірленуші мен жүргізуші тарапынан айтылған кей деректерді жоққа шығарды. Оның айтуынша, оқ рикошетпен тиген, ал аңшылық қарудан бес оқ атып та адам тірі қалуы тек фильмдерде ғана мүмкін.

"Жүргізуші менің ұлымды құлатып, жәбірленушіні құтқарғаны туралы ақпарат жалған. Бейнежазба мен жүргізушінің сотта берген жауабы ұлымның қолында сол уақытта ештеңе болмағанын растайды.

Аңшылық қарудан 5 оқ атылды, ал адам аяғында тұрды. Басты себебі, ұлым тікелей атпады, оқ жәбірленушіге рикошетпен тиген. Оқ таусылғасын Ернар мен Берденов әлі де аяғында тұрып, әңгімелесті. Бұл ақпарат іс материалындағы ресми бейнежазбамен расталады", –дейді ол .

Пірәлиев ұлының кінәсін толық жоққа шығармайтынын, бірақ қоғам шындықты білуі тиіс екенін атап өтті.

"Кейінгі жауабында, ол менің ұлым оған қансырап жатқан кезінде қаруды басына қойып атуға оқталғаны туралы мәлімдеді. Бұл факт сараптамалық баға бойынша теріске шығарылады. Мен ұлымның әрекеттін ақтауға тырыспаймын. Бірақ ел шындықты білуі керек", - дейді Ернар Жиембайдың әкесі.

Келесі сот отырысында куәгерлерден жауап алу жалғасады.