Қарағанды облысында 11 тамыз күні түнгі 00:05-те Ошағанды ауылы маңында ауыр жол апаты болды. Алдын ала мәлімет бойынша, 30 жастағы Toyota Alphard жүргізушісі көлікті басқара алмай, шұңқырға аударылып кеткен. Салдарынан жүргізуші мен үш жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Тағы төрт адам, оның ішінде екі кәмелетке толмаған бала, ауруханаға жеткізілді. Полиция бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғап, оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.
Облыстық ПД мәліметінше, өңірдегі апаттардың бір себебі — малды жол бойына қараусыз жіберу. 10 тамызда «Қарағанды – Қарқаралы» трассасында, Ащысу ауылы маңында, 38 жастағы Toyota Fortuner жүргізушісі жолға кенеттен шыққан үш жылқыны қағып кеткен. Артынан келе жатқан Hyundai Palisade пен Toyota Camry 50 көліктерінің жүргізушілері соқтығысты болдырмау үшін шұңқырға түсіп кеткен. Оқиға салдарынан Hyundai Palisade көлігіндегі екі жолаушы және Toyota Camry 50 жолаушысы жарақат алып, ауруханаға жатқызылды. Жылқылардың иесі малды қараусыз жібергені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция жол ережелері мен мал бағу тәртібін сақтау — әркімнің міндеті екенін және бұл талаптарды елемеу адам өміріне қауіп төндіретінін ескертті.
Бұған дейін, 17 тамыз 2024 жылы, Қазақстанда тағы бір Toyota Alphard қатысқан ірі апатта алты адам қаза тапқан болатын. Қаза болғандардың екеуі полицей, оның бірі 11 баланы тәрбиелеп отырған көпбалалы әке еді. КазТАГ мәліметінше, мұндай көліктер көбіне оң рөлден сол рөлге бейімделген немесе техникалық талаптарға сай емес жағдайда жолаушы тасымалдау үшін пайдаланылады, жүргізушілері жиі жоғары жылдамдықта қозғалады. Бұл мәселе бірнеше рет қоғамдық талқылауға шығып, ІІМ мен Көлік министрлігіне ұсыныстар жасалған.