Қазақстан Қорғаныс министрлігі апатқа ұшыраған EC-145 тікұшағының үш экипаж мүшесінің есімдерін жариялады.
Ведомство мәліметінше, 10 тамыз күні су астындағы іздестіру кезінде экипаж командирі – майор Нұржігіт Қайратұлы Үйсінбаевтың денесі табылып, сәйкестендірілді. Ол – армия авиациясы бойынша эскадрилья командирінің орынбасары, 1-сыныпты ұшқыш, EC-145 тікұшағын басқаруда үлкен тәжірибесі бар маман. Жалпы ұшу уақыты – 930 сағат. Әріптестері арасында кәсіби біліктілігімен, жауапкершілігімен және әскери борышына адалдығымен танылған.
11 тамызда іздестіру топтары авиациялық звеноның борт техникасы – капитан Бақтияр Сәниоллаұлы Ержігітовтің денесін тапты. Ол да EC-145 тікұшағын басқару тәжірибесіне ие, жалпы ұшу уақыты – 300 сағат. Көп жылдық қызметі бар, жоғары білікті маман ретінде авиация саласында беделге ие болған.
12 тамызда экипаж командирінің көмекшісі – капитан Аман Нұрланұлы Амангелдінің денесі анықталды. Оның жалпы ұшу уақыты – 295 сағат. Күрделі климаттық жағдайларда бірнеше рет әуеге көтеріліп, түрлі ауқымдағы оқу-жаттығулар мен операцияларға қатысқан. Әріптестері оны тәртіпті, мінсіз қызметімен және жауапкершілігімен бағалаған.
Үш әскери де Әуе қорғанысы күштері әскери институтының түлектері, қызметтестері арасында үлкен құрметке ие, әрдайым жолдастарына көмектесуге дайын болған.
Қазіргі уақытта тікұшақ сынықтарын шығару және апат себебін анықтау бойынша іздестіру-құтқару және тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.