Жақында DW неміс редакциясының журналистері «Қазақстанда суррогат аналарға қатысты заңсыз бизнес дамып жатыр» деген мақаланы жариялап, қоғамды дүр сілкіндірді. Ақпарат құралының жазуынша, «Құрсақ ана болған Қазақстан азаматтары мен олардың қорғаушылары тапсырыс берушілердің күмәнді істерін жария еткен. Мұны естіген денсаулық сақтау саласының сарапшылары «төбемізден жай түскендей күйдеміз» дейді. Олар балаларды трансплантология қажеттіліктері үшін өсіргенін, сол нарыққа жұмыс істеу мүмкіндіктерін жоққа шығармайды екен. Ең қызығы, Қазақстанның өзінде суррогат аналар жетіспей тұрғанда, қазақ қыздары Қытай, Грузия, Оңтүстік Шығыс Азия елдеріне бала туып беру үшін барады екен. Суррогат аналардың қорғаушылары дабыл қағып жатыр: оларға қоқан-лоққы көрсетіліп, тіпті, бөтен елге күштеп алып кетеміз деп қорқытқан.
DW нені анықтады?
Неміс редакциясы бір топ суррогат ананың атынан сөйлеген Әлия мен Натальядан сұхбат алған. Олардың айтуынша, барлық әйелдердің тағдыры бір-біріне ұқсас, көбінің басында баспанасы жоқ, ажырасқан, бұрынғы некеден балалары бар, ал жас ерекшеліктері 25-30-дың аралығында. Тұрақты жұмысы болмаған соң, олар құрсақ ана болуға бірден келіскен. Себебі босанған соң оларға 6-8 млн теңге аралығында сыйақы беріледі деп уәде етілген. Сондай-ақ, ай сайын 500 доллар жалақы беріліп, тегін үймен қамтылған.
Әлия есімді кейіпкер жарнаманы Instagram желісінен көріпті. Бірақ мұндай жарнама TikTok-та да көп екен. Әйел белгіленген номерге хабарласқан соң, бірден WhatsApp тобы ашылыпты. Ал клиникаға барған соң, эмбрионды Қазақстанда емес, Қытайда салу туралы ұсыныс жасалыпты. Натальяға медициналық орталықтағы дәрігерлер: «Мұны Қазақстанда жасап қайтесің? Қытайда жақсы ғой. Мұнда саған 6 млн төлесе, Қытайда 8 млн теңге төлейді. Оның үстіне екі аптаға Қытайға тегін барып, саяхаттап келесің. Қазақстаннан гөрі Қытайда медицина дамыған» деп қызықтырған. Бірақ Натальяға тиісті медициналық шара Қытайда емес, Камбоджада жасалыпты. Бәрі құпия түрде болған. Машинадан бастап, барған медициналық мекемеге дейін жабық болған екен. Бұдан кейін Қазақстанның қос азаматы Ресей, Өзбекстан, Қырғызстаннан келген әйелдермен бірге түрлі медициналық орталықтарда тұрған.
Наталья баланы белгіленген медициналық орталықта емес, Қытайдың жергілікті перзентханасында босанған екен. Екі күннен кейін белгісіз адамдар келіп жаңа туған нәрестені алып кеткен. Қазір ол баланың тағдырынан бейхабар. Бірақ ең қорқыныштысы, Қытайда әр тапсырыс беруші Қазақстаннан төрт суррогат анамен жұмыс істеп, жиі-жиі тапсырыс береді екен. Ал бұл балалардың ары қарайғы тағдыры мүлдем белгісіз.
Екінші кейіпкер Әлияның жағдайы бөлек. Оның аяғы ауыр, ал баланың Даун синдромымен туу ықтималдылығы жоғары көрінеді. Тапсырыс берушілер бұған Әлияны кінәлап, енді оған бір тиын төлемей, тіпті, оның бұларға ақшалай қарыз болатынын жеткізген. Тіпті, кейінгі талдама дұрыс шықса да, Шымкент не Бішкекке күштеп алып кетіп, түсік тастайтын операция жасаймыз деп қорқытқан. Заңгерлер Азамат пен Альбина Бекқұловтар: «Әйелдер қол қойған ұйымның құжаты бойынша, олар дәрі-дәрмек жеткізетін тасылмалдаушы деп танылған. Бұл компания Қытайдан болуы мүмкін. Бірақ ұйымның ресми тіркеуі жөнінде ақпарат жоқ»,— деп отыр.
DW-ге сұхбат берген адвокат Азамат Бекқұлов әйелдер қол қойған барлық құжаттар Қазақстан заңнамасына мүлдем қайшы екенін атап өтіпті.
— «Суррогат ана қызметі» туралы келісімшартта баланың биологиялық ата-аналары бірден көрсетіледі ғой. Баланың туу туралы куәлігінде де олардың есімдері жазылады. Бұл ресми некедегі ер мен әйел болуы тиіс, бірақ тапсырыс беруші компания емес! Бірақ біздің қорғауымыздағы азаматшалардан алынған құжаттарда мұның ешқайсысы көрінбейді. Ерлі-зайыптылармен нотариалды куәландырылған келісімшарт жоқ. Қытайдан келген ерлі-зайыптылардың нақты анкеталық деректері де жоқ. Суррогат аналардың жүктілігі бойынша есепке алынғаны туралы ақпарат жоқ. Тапсырыс берушілер тарапынан суррогат аналарды асырауға кеткен шығындар туралы деректер де жоқ. Бар құжаттардың бәрі – жай ғана қағаз, — дейді.
Еуропалық БАҚ-тың мәліметінше, Қазақстан Репродуктивті медицина қауымдастығының президенті, профессор Вячеслав Локшин да адвокаттарға жүгінген әйелдердің халықаралық қылмыстық топтың құрбаны болу мүмкіндігін жоққа шығармайды. Сонымен қатар, ол қытайлық тапсырыс берушілердің делдалдары суррогат ана қызметінен әлдеқайда көп пайда табуы мүмкін деп отыр. Яғни, профессордың айтуынша, олар 15–20 миллион теңге сұрап, әйелдерге 6 миллион төлеп, ал айырмасын өздеріне қалдырады деген ойда.

Әлемде адам саудасымен қалай күреседі?
Суррогат ана дегеніміз өздері ата-ана бола алмайтын басқа адам немесе адамдар үшін бала туып беретін әйел. Эмбрионды қалыптастыру үшін аталық ұрық пен аналық клетка сияқты генетикалық материалды болашақ ата-аналардан немесе ұрық банкінен де алады. Кей жағдайда суррогат ананың өзі де баланың биологиялық анасы бола алады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы суррогат ана болуды қосымша репродуктивті тәсіл деп қабылдаса да, көптеген дамыған, бай мемлекеттерде құрсақ ана қызметіне заңды түрде толықтай тыйым салынған. Атап айтсақ, Италия, Франция, Германия, Австрия, Норвегия, Швеция мен АҚШ-тың Аризона, Мичиган сияқты бірқатар штаттарында суррогат ана болу адам саудасымен пара-пар дүние саналып, заңды түрде тыйым салынған. Тіпті феминистік ұйымдарға дейін бұл медициналық тәсілге қарсы, себебі бұл жерде бала тауар ретінде сатылады, ал анасы тірі инкубатор қызметін атқарады деп есептейді. Бұл қызметке шетелде ЛГБТ қауымдастығы өкілдері де жиі жүгінеді. Себебі екі ерден не екі әйелден тұрған жұптар тек осындай әдіс арқылы ғана балалы бола алады. Сондықтан көптеген елдер біржынысты жұптар үшін суррогат ана қызметіне жүгінуге қатаң тыйым салады.
Жалпы, суррогат ана болудың медициналық салдарынан бөлек, психологиялық, діни, әлеуметтік салдары да бар. Діни салдарына келсек, ҚМДБ арнайы пәтуа шығарып, онда «Құрсақ ана арқылы бала табуға шариғатта рұқсат жоқ. Себебі, біріншіден, ер кісі мен құрсақ ана арасында неке жоқ. Екіншіден, әйел жатыры сауда-саттық, алыс-беріске жарамды мүбах заттар санатына жатпайды» деген. Сондай-ақ, әлемдік діндерден құрсақ ана қызметіне дәстүрлі христиан діні, оның ішінде католицизм мен православ тармағында қатаң тыйым салынған.
Психологиялық мәселеге келсек, суррогат ана болған әйедердің көбі 9 ай көтерген баласын бөтен адамдарға берудің оңай соқпағанын айтып, психологиялық күйзеліске душар болғандарын алға тартады. Өкінішке қарай, суррогат ана қызметін көбіне кедей, әлеуметтік жағдайы төмен және енді дамып жатқан елдер ұсынады екен. Әлемде бұл қызметке заңды түрде рұқсат берген елдер өте аз. Олардың қатарында Украина, Грузия, Ресей, Беларусь, Колумбия, Оңтүстік Африка республикасы мен Қазақстан ғана бар. Израиль коммерциялық мақсаттағы бұл қызмет түрін тыяды. Керісінше, өз еліндегі баласыз отбасыларына балалы болуға медициналық тұрғыдан тегін көмектеседі. Ал АҚШ-тың кейбір штаттары мен Канадада тіпті біржынысты отбасыларына да құрсақ ана арқылы ата-ана болуға рұқсат етілген.
Бірер жыл бұрын Ресейдің ішінде шетелдіктерге суррогат ана қызметін пайдалануға толықтай тыйым салынды. Тіпті, жалғызбасты ерлерге бұл қызмет арқылы балалы болуға заңды түрде тыйым салынған. Мұның бәрі Ресейдің демографиялық ахуалымен байланысты шара боп тұр. Көрші ел соғыстың салдарын енді сезіп жатыр. Қаза тапқан сарбаздардың орнын толтыру үшін тіпті жастайынан некеге тұру сияқты бастамалар көтеріліп жатыр. Бірақ ана капиталы сияқты әр балаға берілетін 4-6 млн теңге көлеміндегі сыйақы да демографияға оң серпін беріп жатқан жоқ.
Өкінішке қарай, Қазақстанның демографиялық ахуалы да мәз емес. Елімізде жыл өткен сайын туу көрсеткіші түсіп барады. Жалпы, 2021 жылдан бастап бұл көрсеткіш кері кетіп жатыр. Егер бұл үрдіс өзгермесе, Қазақстанды халықтың қартаюы мен еңбекке қабілетті азаматтардың азаюы сияқты демографиялық мәселе күтіп тұр. Өкінішке қарай, өткен жылдың бірінші жарты жылдығында 29 000 әйелге бедеулік диагнозы қойылған. Белсіздікке душар болған ерлердің де саны біршама. Не істемек керек? Кейбір сарапшылар демографияны көтеру үшін шетелдегі қазақтарды, әсіресе Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Ресей, Түркия сияқты елдердегі ең ірі қазақ диаспорасын елге қайтару керек деп есептейді. Халықтың қартая бастауы еліміздің зейнетақы жүйесіне ғана салмақ емес, бұл әлеуметтік қолдау тетіктерін азайтуға да себепші болуы мүмкін. Өкінішке қарай, жоғары мінберлерден мұндай бастамалар көтеріліп те жатыр. Жақында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова:
– Біз «көпбалалы ана», «көпбалалы отбасы» сияқты санаттардан бас тартып жатырмыз. Әлеуметтік қолдау мен қорғау осы көмекке мұқтаж кез келген адамға көрсетіледі. Мысалы, егер адам ұзақ уақыт бойы ауырып, табысы жоққа жақын болса, оның отбасы бар, бірақ ол көпбалалы емес, айталық 3 баласы бар, қазіргі санаттар бойынша бұл отбасыға ешқандай көмек көрсетілмейді. Сол себепті біз мұқтаждық критерийіне көшуіміз керек деп отырмыз, — деп мәлімдеген еді. Бұған әлеуметтік желіде көпбалалы аналар мен отбасы өкілдері наразы болып, бұрынғыдай тек тақыр кедей көпбалалыларға ғана әлеуметтік көмек көрсетіліп, қымбатшылық қысқан заманда орта таптың жәрдемақысыз, жеңілдіксіз қалуы әділетсіз деген еді. Тіпті, көпбалалы аналар митингтерге шығуға дайындығын да жазып жатты. Ал сарапшылар халықтың әлеуметтік жағдайы онсыз да қиын, тұрғын үй бағасының шарықтауы, азық-түліктің қымбаттауы, жұмыссыздық пен кедейліктен бөлек, енді жәрдемақыны көпбалалыларға мұқтаждық деңгейімен берсе, бұл жастар арасында көп бала табуға кері әсерін тигізеді деп отыр.
Отандық дәрігерлер «өз елімізде суррогат аналар жетіспейді» деп дабыл қағуда. Мүмкін, Ресейдей шетел азаматтары үшін суррогат ана болу қызметіне заң жүзінде тыйым салу керек пе? Әрине, медициналық туризм тек бұл тәсілге байланып тұрған жоқ. Екінші жағынан, бұл адам саудасымен айналысатын, жаңа туған сәбилерді трансплантология үшін қолданатын халықаралық қылмыстық топтардың аяғына тұсау болмас па еді?
Бәлкім, дамыған Еуропа елдеріндей суррогат ана болу қызметіне тыйым салынса, әйелдердің өз елінде ұрпақ жалғастырып, демографияға оң үрдіс беруіне септігін тигізбес пе еді? Ең өкініштісі, Қазақстанда суррогат ана болу қызметі тым қымбат. Біз ашық дерек көздерінен бұл қызметтің бағасын зерттеп көрдік. Жалпы, суррогат анаға берілетін бір реттік сыйақы көлемі 6-10 млн теңгенің аралығында екен. Бұдан бөлек қандай шығындар бар? Ең алдымен бала көтеретін әйелді үймен, азық-түлікпен, дәрі-дәрмекпен қамтудан бөлек, ай сайын төленетін 250-350 мың теңге аралығындағы жалақы бар. Бұл жалақы кемі бір жыл төленуі тиіс. Сондай-ақ, ЭКО қызметінің шығындары тағы бар. Бұл тәсілдің бағасы 1-2 млн теңгеден басталады. Жалпы, бұл әдіс арқылы балалы болуды мақсат тұтып отырғандардың қалтасында кемі 10-15 млн теңге қаражат болуы керек. Егер құрсақ ана өзі босанбай, кесір тілігі арқылы босанса, әйелдің денсаулығына келтірілген залал үшін қосымша өтемақы төлеу мәселесі тағы бар. Астанада ақылы босану 300-780 мың теңге аралығында. Жалпы, бұл екінің бірі көтере алатын қаражат емес.
Кейбір деректерге сенсек, Қазақстанда жылына 70-80 бала құрсақ ананың арқасында дүниеге келеді екен. Ал шетелдіктер үшін қаншама қазақ әйелі бала туып беріп жатыр? Қазір қанша қазақ қызы Қытай, Камбоджа, Грузия мен Оңтүстік Шығыс Азияда құрсақ ана болып жүр? Нақты статистика, зерттеу жоқтың қасы. Адам саудасы мен заңсыз трансплантология қылмысын тыю үшін халықаралық деңгейде күрес керек. Қазірше журналистердің дабылына да назар аударып жатқан құзырлы органдар жоқ.