Иран сыртқы істер министрі Аббас Арагчидің айтуынша, Армения тарапы Сюник облысы арқылы Әзербайжанды Нахчыванмен байланыстыратын «Трамп бағыты» жобасында Иранның барлық «қызыл сызықтары» сақталатынына сендірген, деп хабарлайды Arasha.kz.
Арагчи бастапқыда Баку Сюникті бақылауға алуы мүмкін деген алаңдаушылық болғанын айтты, бірақ қазір бұл тек Армения егемендігі аясында, америкалық жекеменшік инженерлік компания салып жатқан жол екенін жеткізді. Жобаға әскери күш қатыспайды, қауіпсіздікті Арменияның өзі қамтамасыз етеді.
Министр америкалық компанияның қатысуы белгілі бір алаңдаушылық туғызатынын мойындағанымен, «НАТО көршісі болдық» деу шындыққа жанаспайтынын айтты.
Иранның ұстанымы – Армения мен Әзербайжан арасындағы бейбітшілікті қолдау, бірақ кез келген шетелдік қатысу аймақ тұрақтылығына теріс әсер етуі мүмкін. Ресей де осыған ұқсас пікірде.
Армения мен Әзербайжан, АҚШ президентінің қатысуымен, аймақ шекаралары өзгермейтіні және елдердің егемендігі құрметтелетіні туралы келісімге қол қойған. Бұл Иран ұстанымына толық сәйкес келеді.