"Қазгидромет" 19–21 тамызға арналған ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Синоптиктердің мәліметінше, республика аумағына батыстан шығысқа қарай ығысқан солтүстік-батыс циклоны әсер етпек. Оның салдарынан көптеген өңірде ауа райы құбылып, көшпелі бұлт шығады, найзағай ойнайды, жаңбыр жауады, күндіз кей жерлерде бұршақ түсуі мүмкін. Желдің күшеюі де болжанып отыр.
19 тамызда – батыс пен шығыста, 20-21 тамызда – солтүстік-батыста, ал 21 тамызда – елдің солтүстігінде қатты жауын-шашын күтіледі. Ал оңтүстікте, керісінше, антициклон ықпалымен ауа райы ашық әрі құрғақ болады. Республика бойынша түнде және таңертең тұман түсуі ықтимал.
Температуралық фон да өзгереді: солтүстікте түнгі көрсеткіштер +10…+17 °C аралығында болса, күндіз +17…+25 °C шамасында болады. Шығыс өңірлерде түнде +5…+15 °C дейін төмендеп, күндіз +22…+29 °C-қа көтеріледі. Қалған аймақтарда айтарлықтай өзгеріс болмайды.