Колумбияның Толима департаментіндегі Планадес қаласында болған жарылыстан төрт адам қаза тауып, тағы 18 адам жарақат алды. Марқұмдардың арасында екі айлық нәресте бар, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оқиға 1 қараша күні кешке әскери база маңындағы тұрғын ауданда болған. Алдын ала дерекке сәйкес, белгісіз адамдар жарылғыш зат тиелген жүк көлігін жарған. Шабуыл кезінде жарылғыш құрылғылар орнатылған дрондар да қолданылуы мүмкін деген болжам бар.
Жарылыстан 177 тұрғын үй зақымданған. Жергілікті аурухана ғимаратының шамамен 80 пайызы бүлініп, медициналық көмек көрсету қиындаған. Осыған байланысты тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіруге тура келген.
Толима губернаторы Адриана Матис қаза тапқандардың арасында екі айлық сәби бар екенін растап, шабуылды террорлық әрекет деп атады. Өңірдегі медициналық мекемелер жоғары дайындық режиміне көшіріліп, зардап шеккендерге шұғыл көмек көрсетіліп жатыр.
Билік жарылысты ұйымдастырғандарды анықтау үшін тергеу бастады. Өңірде қауіпсіздік шаралары күшейтілді.