Жол-көлік оқиғасы 19 тамыз күні сағат 16:00 шамасында Үржар ауданы Бестерек ауылында болған, деп хабарлайды Arasha.kz.
55 жастағы Toyota автокөлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, үй қақпасының жанында тұрған балалар тобын қағып өткен. Оқиға салдарынан екі кәмелетке толмаған бала оқиға орнында көз жұмды, біреуі ауруханаға барар жолда қайтыс болды, тағы үшеуі ауруханаға жеткізілді.
Полиция жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оның көлік жүргізу кезінде мас болмағаны анықталды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.
— Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және аса мұқият болуға шақырады, әсіресе тұрғын үйлер маңында және балалар жүретін жерлерде, — деді Абай облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Ернар Базаров.
Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен жол апатынан зардап шеккен балаларға медициналық көмек көрсету үшін кеше кешкісін Үржар ауданына Қорғаныс министрлігінің С-295 әскери-көлік ұшағы жіберілген. Бортта реаниматолог, нейрохирург және травматолог дәрігерлерден құралған медициналық бригада болған.