Республиканың кино индустрия өкілдері – Қазақстан кинематографистер лигасы, Қазақстан кинематографистер одағы және тағы басқа ұйымдар – елдегі басты кинопрокатшы мен ең ірі киностудияның олармен қалай жұмыс істейтініне наразылықтарын білдіру үшін бас қосты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Баспасөз мәслихатының басым бөлігі Kinopark/Kinoplex кинотеатрлар желісіне айтылған шағымдарға арналды. Кинематографистердің айтуынша, бұл желі фильмдерді прокатқа шығарғанда «кіру жарнасын» талап етеді. Яғни, басқа картиналар көрсетілер алдында трейлерлерді көрсету үшін ақы төлеу міндеттелген.
Қазақстан кинематографистер лигасының төрағасы Айдар Баталовтың сөзінше, Kinopark/Kinoplex-тің мұндай тәртібі 2023 жылдан бастап енгізілген (алайда баспасөз мәслихатында көрсетілген хат 2024 жылдың маусымымен даталанған). Сол 2023–2024 жылдары киноиндустрия өкілдері трейлер көрсетілімдерінің прайс-парақтарын алған. Ондағы бағалар 20-дан 50 миллион теңгеге дейінгі аралықта көрсетілген.
2025 жылдың сәуірінде кинотеатрлар желісі жаңа прайс жіберген. Пресс-конференция қатысушылары бірнеше рет «кіру жарнасы» 400 миллионға дейін жетті деп қайталады. Дегенмен, көрсетілген құжатқа қарағанда, барлық кинотеатрда трейлер көрсету құны 296 миллион теңге болып тұр. Бұған қоса, премьерлік көрсетілім үшін бөлек төлем қарастырылған. Қалай болғанда да, бұл – аз ақша емес.
Айдар Баталов мұны кинотеатр желісінің өзге студиялардың картиналарына шектеу қою әрекеті деп бағалайды. Өйткені Kinopark/Kinoplex-тің осы желімен аффилиирленген Tiger Films студиясы бар.
«Қанша кинокомпания „Кинопаркке“ ақша бергені белгісіз. Өйткені көптеген продюсерлер бұл ақшаны ресми емес жолдармен берген. Себебі келісімшарттар жоқ... Қара аударымдармен немесе қолма-қол ақша түрінде осы кинотеатр желісінің басшылығына қаражат тапсырған», – дейді Баталов.
Алайда баспасөз мәслихатында мұны растайтын банк құжаттары ұсынылмады.
Баталовтың айтуынша, Kinopark/Kinoplex «кіру жарнасын» тек отандық кинопродюсерлерден алады, ал шетелдік компаниялардан талап етпейді. Біз кинотеатр желісіне бұл ақпаратты нақтылау үшін ресми сауал жолдадық. Сондай-ақ «Қазақфильм» мен Мәдениет министрлігіне де сауал жібердік, себебі кинематографистер оларға да сын айтты.