Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі деректеріне сәйкес, 2024 жылы оператордың 100, 200 және 500 Мбит/с-қа дейінгі жылдамдықтағы тарифтері 20 %-ға дейін өскен, деп хабарлайды Arasha.kz.
Мамандардың анықтауынша, тұрғын үйлерде балама провайдерлерді қосуға мүмкіндік бермейтін кедергілер қойылған. Бұл бәсекелестіктің дамуына тосқауыл болып отыр. Басқа операторлар да кабельдік-канализациялық желілерге қосылу мәселесіне шағымдануда — олар техникалық шарттар үшін ақы төлеуге мәжбүр, алайда заң бойынша бұған міндетті емес.
Агенттік нормативтік кедергілерді жоюға қол жеткізді. Мәселен, радиожиіліктерді бөлуге қатысу үшін өздерінің байланыс желісі болуы тиіс деген талап құжаттардан алынып тасталды. Сондай-ақ «Байланыс туралы» заңға түзетулер енгізілді.
Реттеуші орган ұялы байланыс бағасының да қымбаттау қаупі барын мәлімдеді. Қазір бір операторға қарсы жеке тергеу жүргізу мәселесі қаралып жатыр.
Бір ай бұрын Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «Яндекс Такси» бойынша тариф қалыптастыру аудитінің нәтижелерімен бөліскен еді. Компания кейбір тарифтердің бағасын қымбаттатты деген күдікке ілінген.