Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары қызметіне Айдын Кәрімов бекітілді. Сонымен қатар қала әкімінің орынбасары болып Арман Сәбитов тағайындалды. Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Arasha.kz.
"Қазақстан Республикасы президенті әкімшілігінің келісімімен және қала әкімінің өкімімен Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары лауазымына Айдын Мейрамбекұлы Кәрімов тағайындалды", – делінген ресми мәлімдемеде.
Айдын Кәрімов 1988 жылғы 1 қаңтарда Семей қаласында дүниеге келген. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін, Қазақ қаржы-экономикалық академиясын және Қазақ гуманитарлық заң университетін тәмамдаған.
Еңбек жолын 2006 жылы Төтенше жағдайлар министрлігінің "Есеп техникасы, телекоммуникация, информатика және жағдайлық талдау орталығы" мекемесінде жетекші маман болып бастаған. Әр жылдары Астана қаласы әкімдігі аппаратында, Экономикалық даму және сауда министрлігінде, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде, сондай-ақ "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ-да қызмет атқарды.
2016-2017 жылдары – Премьер-министр кеңсесінің Сыртқы байланыстар және протокол бөлімін басқарды, кейін Премьер-министр протоколының басшысы болды. 2019-2022 жылдары Премьер-министр кеңсесі басшысының орынбасары, 2022-2023 жылдары Абай облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған. 2023 жылдың қыркүйегінен бері Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болды.
Айта кетейік, бұған дейін бұл лауазымды атқарған Қуаныш Асылов өзге қызметке ауысуына байланысты жұмыстан босатылған еді.
Сонымен қатар Президент әкімшілігінің келісімімен және қала әкімінің өкімі бойынша Арман Сәбитов Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.
1984 жылғы 20 сәуірде Шымкентте дүниеге келген Арман Сәбитов Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін және Қазтұтыну одағы Қарағанды экономикалық университетін тәмамдаған.
Еңбек жолын 2004 жылы Алматы қаласындағы «Азаматаудит» ЖШС-інде аудитор көмекшісі болып бастаған. Кейін жеке секторда басшылық қызметтер атқарды. 2011-2016 жылдары Алматы қаласы бойынша Тексеру комиссиясының мүшесі болды.
Сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі аппаратында, Түркістан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасында, Президент әкімшілігінде және Түркістан облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. 2023 жылдың маусымынан 2025 жылдың 7 тамызына дейін Түркістан облысы Сайрам ауданының әкімі болды.