Қаржы мониторинг агенттігі Жетісу облысында тұрғын үйлердің құрылысы кезінде бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатқандарын мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
2021 жылы тапсырыс беруші мен мердігер ұйым арасында жалпы сомасы 1,7 млрд теңгеге екі көпқабатты тұрғын үй салуға келісімшарттар жасалған. Алайда қол қойылған орындалған жұмыстар актілеріне қарамастан, бірқатар құрылыс-монтаж жұмыстары іс жүзінде атқарылмаған.
«Жоспарланған тоғыз қабаттың тек жетеуі ғана тұрғызылған, жылыту, сумен жабдықтау, электр жарықтандыру жұмыстары жүргізілмеген, сонымен қатар сыртқы әрлеу жұмыстары жоқ. Осылайша, құрылыс аяқталмай, нысанды пайдаланысқа беру мерзімдері бұзылған. Мемлекетке келтірілген шығын 152 млн теңгеден асқан», - деп хабарлады ҚМА.
Қазір сот санкциясымен құрылысшы компанияның мүлкіне тыйым салынған. Іс бойынша күдікті ретінде мердігер ұйымның директоры және құрылысқа техникалық қадағалау жасаған компания қызметкерлері танылды. Тергеу жалғасуда.