Logo
Іздеу
Айдарлар

Депутаттың күйеуі зорлаған оқушы қыз тағы да жүкті болып қалды

/
Депутаттың күйеуі зорлаған оқушы қыз тағы да жүкті болып қалды
Сурет: Lucky-child.com

2023 жылдың қарашасында бүкіл елді дүр сілкіндірген оқиға болды: Жаңатаста аудандық мәслихат депутатының күйеуі 12 жастағы мектеп оқушысын зорлағаны анықталды. Қылмыс 2022 жылдың жазында жасалған. Сол жылдың қарашасында қыздың анасы оны Жаңатастағы интернатқа орналастырған, деп хабарлайды Arasha.kz.

HALYQSTAN телеграм арнасының жазуынша, интернат басшылығы жүктілікті жасыру үшін қызға аборт жасатып, бұл туралы анасына хабарламаған.

Сол кезде бірнеше қылмыстық іс қозғалып, алты адам сотталған еді. Депутаттың күйеуі өткен жылы зорлау қылмысы үшін 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Кейін мектеп-интернат директоры сот алдында жауап беріп, екі жылға сотталды. Оның орынбасары, медбике мен психолог үш жылға бостандығын шектеу жазасын алды. Ал аборт жасаған акушер бір жылға бас бостандығынан айырылды. Оларға жүктілікті заңсыз тоқтату, аса ауыр қылмыс туралы хабарламау, ұйымдастыру және қылмысқа көмектесу баптары бойынша айып тағылды.

Зардап шеккен қызды кейін Тараздағы көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардың балаларына арналған мектеп-интернатқа ауыстырды. Облыс орталығында болғандықтан, енді ол қатаң бақылауда болады деп күтілген еді. Оның үстіне қоғамда үлкен резонанс туындаған соң.

Алайда жуырда оның тағы да жүкті екені белгілі болды. Қазіргі таңда кәмелетке толмаған қыз шамамен жүктіліктің сегізінші айында. Бала әкесінің кім екені туралы ақпарат жоқ. Инсайдер дерегіне сәйкес, жүктілік кездейсоқ болған.

Қыздың акушерлік есепке алынғанына қарағанда, Жамбыл облысындағы интернат пен басқа да уәкілетті органдар бұл жағдайдан хабардар. Бірақ оны мұқият жасырып отыр. Мүмкін, Жаңатастағы интернат басшылығының кебін киюден қорқатын болар.

Тағы бір таңқаларлық жайт — қыздың анасына ешкім сұрақ қоймайды. Өйткені алғаш рет ол жазғы демалыста жүкті болса, бұл жолы болжам бойынша жаңа жылдық каникул кезінде жүкті болған.