Logo
Іздеу
Айдарлар

Қытайлық БАҚ Тоқаев пен Си Цзиньпиннің кездесуі туралы: сенім, символизм мен жаңа келісімдер

/
Қытайлық БАҚ Тоқаев пен Си Цзиньпиннің кездесуі туралы: сенім, символизм мен жаңа келісімдер
Ақорда. Суретте: Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин

30 тамызда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың Тяньцзинь қаласына барып, ШОС саммиті мен «ШОС плюс» отырысына қатысар алдында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен жүздесті. Бұл кездесуге қытайлық ақпарат құралдары айрықша назар аударып, әр басылым өз қырынан сараптап жазды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Xinhua: тарихи және символдық мән

Қытайдың мемлекеттік Xinhua агенттігі кездесуді тарихи тұрғыдан бағалады. Агенттіктің жазуынша, Тоқаевтың сапары Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шаралармен сәйкес келуі екі ел арасындағы достық пен сенімге негізделген қарым-қатынастың символы саналады.

Си Цзиньпин: «Әлемде қандай өзгеріс болса да, Қытай мен Қазақстан әділ халықаралық тәртіпті орнату үшін көршілестік пен достық саясатын жалғастыруы тиіс», – деді.

CGTN: нақты нәтижелер мен жаңа деңгей

CGTN телеарнасы келіссөздердің мазмұнына көбірек тоқталды. Телеарнаның мәліметінше, энергетика, технология, білім, спорт және табиғатты қорғау салаларын қамтитын 20-дан астам келісімге қол қойылды.

Сондай-ақ Тоқаевтың: «Қазақстан мен Қытай қарым-қатынастары тарихтағы ең жоғары деңгейге жетті» деген сөзі келтірілді. Өз кезегінде Си Цзиньпин: «Астана мен Бейжің бір-бірін батыл қолдап, ынтымақтастықты жаңа белеске шығару керек», – деді.

Gov.cn: дипломатиялық тұрғыдан ұстамды көзқарас

Үкіметтік портал кездесудің саяси және дипломатиялық жағына мән берді. Мұнда құжаттардың мазмұнына емес, екі ел арасындағы сенімді қарым-қатынасқа назар аударылып, Си Цзиньпиннің:

«Халықаралық жағдай қалай өзгерсе де, Қытай мен Қазақстан әрқашан жақсы көрші әрі сенімді серіктес болып қала береді» деген сөзі жарияланды.

Қытай СІМ: стратегиялық серіктестікке екпін

ҚХР Сыртқы істер министрлігі екі елді «бір-біріне сенетін әрі арқа сүйейтін көршілер» деп сипаттап, энергетика, көлік дәліздері мен мәдени байланыстарды дамыту маңыздылығын ерекше атап өтті. Бұл алдағы «Қытай-Қазақстан мәдени алмасу жылы» аясында айрықша мәнге ие екені де айтылды.

Жалпы, қытайлық жетекші БАҚ ортақ пікірге келді: Тоқаев пен Си Цзиньпиннің Тяньцзиньдегі кездесуі стратегиялық серіктестікті нығайту жолындағы маңызды қадам болды. Алайда әр дереккөз өз басымдықтарына сәйкес – Xinhua тарихи және символдық қырын, CGTN практикалық нәтижелерді, ал gov.cn мен Қытай СІМ дипломатиялық тіл мен стратегиялық серіктестікті алға тартты.