Елдің шығыс өңірінде аюлардың елдімекендерге жиі келуі алаңдаушылық тудырып отыр, деп хабарлайды Arasha.kz.
Жақында Серебрянск қаласының қақ ортасында, тіпті әкімдік маңында аю жүрген. Оны бейнебақылау камералары түсіріп алған. Жергілікті тұрғындар көшеге шығуға қорқып, жабайы аңды арнайы орман және аңшылық шаруашылығының қызметкерлері аластап шығарған, деп жазды Halyqstan телеграм арнасы.
Алайда Серебрянск тұрғыны әлеуметтік желіде жазғандай, аю әлі де ұсталған жоқ және бұл – халық үшін үлкен қауіп. Қала әкімдігі қосымша басқа аюлардың да маңайда жүруі мүмкін екенін хабарлап, қауіптің алдын алу жұмыстары тәулік бойы жүріп жатқанын мәлімдеді.
Енді үрей Риддер қаласының тұрғындарын да жайлады. Мұнда аюлар жиі көрінеді, әсіресе Тишин кенішінің маңында. Жақында Громотушин шатқалында үш ірі қонжық саяжай үйлеріне кіріп кеткен. Олардың бейнесі бір аулада орнатылған камераға түсіп қалды. Бұған дейін де дәл осы қонжықтар өзге саяжайдың аумағына кіріп, қоршауын бүлдірген.
– Біздің саяжай шеткері орналасқан. Әрине, аюлар бізге де келіп қалуы мүмкін деп қорқамыз. Түнде сыртқа шығудың өзі қорқынышты. Қонжықтардың қасында аюдың анасы болуы мүмкін. Мұнда қыздар велосипедпен жүреді, шатқалға барады. Абай болыңыздар: аюлар адамдардан аса сескенбейді, – дейді риддерлік тұрғын Анна.
Әлеуметтік желі қолданушыларының айтуынша, аюлардың жиі көрінуі ормандардың кесілуімен байланысты. Жабайы аңға орын қалмаған. Басқалары соңғы жылдары өңірде аюлардың саны артқанын айтады.
Желіде тағы бір алаңдататын хабарлама пайда болды:
«Құрметті риддерліктер! Тарасов қайнарында (қалаға жақын, тұрғындар жиі саңырауқұлақ теретін жер) өлі аю табылды. Оның жанына жабайы аңдар жиналып жатыр. Бұл жер өте қауіпті: аңдар олжасын қорғап, агрессия көрсетуі мүмкін; балалармен барғандарға қауіп төнеді; жануардың денесінен инфекция тарауы ықтимал. Сол себепті бірнеше күн бұл жаққа бармаңыздар, таныстарыңыз бен көршілеріңізді ескертіңіздер», – деп жазылған хабарламада.
Қала әкімдігі өлі аюды аумақтан алып тастауды тапсырды.
30 тамызда Глубоков ауданы Михайловка ауылында да аюдың «ізі» байқалды. Ол жергілікті омарташылардың ұяларын сындырып, бал жеп кеткен. Тұрғындардан барынша абай болу сұралуда.