Logo
Іздеу
Айдарлар

Қапшағайда суға ағып кеткен әйелді ТЖМ қызметкерлері іздемей қойған

/
Қапшағайда суға ағып кеткен әйелді ТЖМ қызметкерлері іздемей қойған
Сурет: ашық дереккөзден

59 жастағы әйел Капшағай су қоймасында жоғалып кеткеннен кейін 36 сағат өткенде тірі  табылды. ТЖМ оның құтқарылуын өздеріне телігенімен, еріктілер министрлік әйелді өлді деп есептеп, іздеуден бас тартқанын айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.

112 қызметі бұл оқиға жайлы Telegram-арнасында алғашында былай хабарлаған:
«Бүгін Алматы облысындағы Капшағай су қоймасында ТЖМ қызметкерлері 1966 жылы туған әйелді құтқарды. 2025 жылғы 30 тамызда SUP-та серуендеп жүргенде оны желдің екпіні жағадан алысқа алып кеткен».

Сол жерде олар іздестіру-құтқару жұмыстарына 106 адам, 29 техника, 5 жүзу құралы, сондай-ақ еріктілер ұйымдары мен жергілікті тұрғындар тартылғанын жазды. Алайда еріктілер мен жергілікті тұрғындардың айтуынша, ТЖМ өкілдері әйелді өлі деп санағандықтан құтқарудан бас тартқан, енді оның табылуын өздеріне жазып отыр.

Halyqstan телеграм арнасының жазуынша, іздестіруге қатысқан Дарина Шпаченконың айтуынша, оған әлеуметтік желіде бейтаныс ер адам хабарласқан. Сол ер адам гидроциклмен су қоймасына шығып, Ирина Храмцованы тауып алған.

«Ирина Храмцова – тәжірибелі виндсерфер. Біз оның мол тәжірибесін, мінезін білеміз. Оны табатынымызға еш күмән болған жоқ. Тіпті маңызды қызметтердің үлкен бастықтары көмектесуден бас тартып, «ол батып кетті» дегенде де біз сендік!» – деді Дарина.

Басқа еріктілер де құтқарушыларды құрметтейтінін, бірақ дәл осы жағдайда оларды да, олардың техникасын да мүлдем көрмегенін айтты.

«112 қызметіндегі әріптестер, сіздердің ар-ұяттарыңыз бар ма өзі? Осындай «пиармен» басшыларыңызға өз қолдарыңызбен ор қазып, бүкіл құрылымды мазаққа қалдырып жатырсыздар. Облыстағы бастығыңыз біздің жігіттерді «іздейтін ешкім жоқ, әйел батып кеткен» деп кері қайтарды ғой!» – деп ашуланды Наталья Першина.

Біршама уақыттан кейін 112 арнасындағы жазба түзетілді. «Алматы облысындағы Капшағай су қоймасында ТЖМ қызметкерлері әйелді құтқарды» дегеннің орнына енді барынша бейтарап: «Алматы облысындағы Капшағай су қоймасында әйел құтқарылды» деп жазылған.