Бұл сұмдық жағдай туралы Дина Смаилованың (Таңсәрі) «НеМолчи» қоры хабарлады. Қордың дерегінше, жасөспірімді екі әйел ұрлап әкеткен кеткен. Олардың бірі – Масақ ауылдық округі әкімінің аппаратының қызметкері, деп хабарлайды Arasha.kz.
«Олар қызды ұрып-соғып, үстін темекімен күйдірген, өзенге батырып, сексуалдық зорлық көрсеткен. Жасөспірімді қол-аяғын сүйюге мәжбүрлеген, бәрін видеоға түсірген. Кейін үш миллион теңге талап етіп, осы соманы төлесе бейнематериалды таратпаймыз деп уәде еткен», – делінген қордың хабарламасында.
«НеМолчи» қорының айтуынша, облыстық полиция жеке мәліметтердің сыртқа шығуына жол берген. Соның кесірінен жәбірленушінің (қыздың өзі мен ата-анасының) және күдіктілердің деректері (мекенжайлары, телефон нөмірлері және т.б.) желіде тарап кеткен.
Айтуларынша, оқиға 16 тамыз күні болған. Ал ата-анасы прокурормен сөйлескенде, болған жағдайды әлеуметтік желіде жария етпеуді сұраған.
Бұл оқиғаға қатысты полиция түсініктеме берді. Олар қылмыстық іс қозғалғанын, тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.
«Күдікті әйелдер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық процеске қатысушылардың жеке деректерінің сыртқа тарағаны туралы мәліметті мамандар тексеріп жатыр», – деп мәлімдеді Алматы облыстық полиция департаменті.
Жасөспірімге қорлық көрсеткендер қатаң жауапқа тартылатыны айтылды.