Logo
Іздеу
Айдарлар

Шерзат Полатты әкесі өлтірді деген блогерге сот үкімі шықты

/
Шерзат Полатты әкесі өлтірді деген блогерге сот үкімі шықты
Сурет: ашық дереккөзден

Сот блогер Бауыржан Абдрахманды арандатушылық сөздер айтқаны үшін кінәлі деп таныды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Қазақстандық блогер Бауыржан Абдрахман әлеуметтік желілерде Шерзат Полаттың отбасына қатысты арандатушылық пікірлер білдіргені үшін сот шешімімен жария түрде кешірім сұрауға міндеттелді. Бұл туралы отбасының адвокаты Мейірман Шекеев хабарлады.

Адвокаттың айтуынша, сот блогерді Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовқа моральдық зиянның өтемақысы ретінде 400 мың теңге, сондай-ақ сот шығындары үшін 500 мың теңге төлеуге міндеттеген.

Адвокат бұл блогерге қатысты екінші шешім екенін атап өтті. Бұған дейін TikTok-та «Doktor» деген лақап атпен танымал Бауыржан Абдрахман әкімшілік жауапкершілікке тартылып, тамыз айында 20 тәулікке қамауға алынған еді. Блогер пышақ алып шыққан Қаржаубай ұлының өліміне себеп болды деген сыңайда арандатушылық посттар жазған.

Еске сала кетейік, 16 жастағы Шерзат Полат былтыр қазан айында Талғарда дүкен жанындағы төбелестен кейін қаза тапты. Ол пышақ жарақатын алып, кейін қайтыс болған. Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып, өңірдегі бірқатар шенеуніктердің қызметінен кетуіне себеп болды.

Биыл 5 маусымда сот Шерзат Полатты өлтіру ісі бойынша үкім шығарды: Абзал Шынасыл – 23 жылға, Равиль Сақиев – 20 жылға, Азамат Тоқтабаев – 15 жылға сотталды. Тағы төрт айыпталушы жеті жылдан, біреуі тоғыз жылдан алды. Ал кәмелетке толмаған айыпталушыға 1,5 жыл жаза тағайындалды.